Сенаторлар: Жылумен жабдықтау мәселелеріне ерекше назар аударылады

Солтүстік Қазақстан облысында Сенат төрағасының орынбасары Ольга Перепечина мен депутат Әсем Рахметова СҚО-ның Мамлют ауданында бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенаторлар қазіргі уақытта 560 оқушы оқитын №1 Мамлют мектеп-гимназиясында болды. Депутаттарға білім мекемесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалғаны туралы ақпарат айтылды. Мектептегі арнайы кабинеттер «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаржысы есебінен оқу жабдықтары, жиһаз бен басқа да мүліктермен толықтай қамтамасыз етілді.

Оқытушылар құрамымен әңгімелесу барысында педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету, біліктілік деңгейінің жай-күйі, жалпы білім беретін және мектепке дейінгі мекемелер мұғалімдерінің жалақысы туралы мәселелер талқыланды.

Парламентшілер ғимаратты үздіксіз жылытумен қамтамасыз ететін, жалпы ауданы 12 мың шаршы метрді құрайтын орталық қазандық аумағында да болды. Депутаттарға ағымдағы жылы жылумен жабдықтау желілерінің үшінші кезегін салу және оларға тағы 12 тұрғын үйді қосу жоспарланып отырғаны турал айтылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жылумен жабдықтау мәселелеріне ерекше назар аударып отыр. Алдымызда тұрған бірінші кезектегі міндет - ауыр апаттардың алдын алу және үйлерге жылу жеткізуді тоқтатпау, ал ең басты міндет – жаңа қуат көздерін енгізу, желілерді жоспарлы түрде жаңарту, коммуналдық саланы түгелдей жаңғырту болып табылады. Біз Президент алға қойған міндеттерді орындауға өз қызметіміз аясында жан-жақты жәрдемдесуге дайынбыз, - деді сенатор Рахметова.

Сенаторлар сонымен қатар Новомихайловка ауылының тұрғындарымен де кездесті. Мемлекет басшысының «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатындағы еліміздің өңірлерін одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамытуға бағытталған негізгі тұжырымдары талқыланды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Парламент Сенатының баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы