Сенаторлар Жетісу облысында болды

Парламент Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп, Ғалиасқар Сарыбаев, Амангелді Толамисов, Геннадий Шиповских, Сұлтан Дүйсембинов және Закиржан Кузиев өңірге сапар барысында Жетісу облысының әкімімен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өңір басшысы жүздесу барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы депутаттарды хабардар етті және аймақтағы өзекті мәселелерді атап өтті.

Облыстағы күрделі мәселелерді талқылау барысында логистика құрылысын қаржыландыру және газбен жабдықтау жобаларын жүзеге асыруға қолдау көрсету туралы өтініш айтылды. Депутаттар қолға алынған жобалардың қымбаттап бара жатқаны жайында да хабардар болды.

Сенаторлар өз кезегінде бірқатар заң жобаларын түсіндіре келіп, жоспарланған өзгерістерге тоқталды және мемлекеттік сатып алу жөніндегі заң туралы айтты.

Кездесу аясында өңірді дамытудың ауқымды мәселелері бойынша ашық пікірлесу өрістеді. Талқыға салынған тақырыптардың ішінде субсидия беру, агроөнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру, жайылым тапшылығы проблемасын шешумен бірге азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемін ұлғайту жайында да айтылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Сенаттың баспасөз қызметінен
Өзгелердің жаңалығы