Сенаторлар Өзбекстанмен заңсыз көші-қон келісімнің ратификациясын қарады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы қаралды. 

Жиын комитет басшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалық етуімен өтті, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Бұл құжатпен 2019 жылдың 15 сәуірінде Ташкент қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасында заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастық жөніндегі келісімді ратификациялау көзделіп отыр.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың баяндауынша, келісімнің мақсаты – заңсыз көші-қонмен күресте екіжақты ынтымақтастықтың құқықтық негізін құру, ол келісуші тараптардың аумақтарындағы көші-қон процесін реттеудегі маңызды салалардың бірі болып табылады.

Заң жобасы бойынша жұмыс тобына жетекшілік еткен сенатор Дана Нұржігітова екі елдің әріптестік қарым-қатынасын дамыту мен нығайта түсуде екіжақты келісімнің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, келісім заңсыз көші-қонның жолын кесу мен ескерту мақсатында пайдаланатын статистикалық, ғылыми-әдістемелік және басқа да ақпараттармен бөлісіп, заңсыз көші-қонға қарсы күресте бірлескен тиімді шараларды іске асыруға мүмкіндік береді. Тараптардың ынтымақтастығы екі елдің көші-қонмен айналысатын құзыретті органдар қызметкерлерін даярлау және біліктілігін арттыру, заңсыз көші-қонмен күрес саласында ғылыми зерттеулер жүргізу, екі ел аумақтарында заңсыз көші-қонға қарсы жедел-профилактикалық бірлескен шаралар ұйымдастыру сипатында жүзеге асатын болады.

Сенатор М.Құл-Мұхаммед шараны қорытындылай келіп, келісімді ратификациялаудың нәтижесінде екіжақты заңсыз көші-қонды реттеу арқылы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен экономикалық тұрақтылық күтілетінін жеткізді.

Заң жобасы Сенаттың жалпы отырысында қарауға ұсынылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы