Сенаторлар: Тұрмыстық қатты қалдықты кәдеге жарату туралы заңнаманы қайта қарау қажет

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Парламентаризм институтымен бірлесе отырып «Тұрмыстық қатты қалдықтар және оларды кәдеге жарату проблемалары. Өндірушінің кеңейтілген міндеттемелері жүйесін одан әрі жетілдіру мәселелері» тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Комитет төрағасы Әли Бектаев өз сөзінде өткен жылы Қазақстанда 4 миллион тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдықтар пайда болғанын, оның 24%-ы қайта өңделіп, кәдеге жаратылғанын атап өтті. Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына сәйкес бұл көрсеткішті 2050 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін кешенді шаралар қабылдау қажет.

Біздің елімізде тұрмыстық қатты қалдықтардың көлемі жыл сайын көбейіп барады және олардың қоршаған ортаға теріс әсері ұлғая түсуде. Сондықтан біз мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, саланың өзекті мәселелерін талқылауға, проблемаларды анықтауға, оларды шешу жолдарын табуға және жүйелі шаралар қабылдауға тырысып отырмыз. Бүгінгі күні қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, қайта өңдеу, кәдеге жарату және сақтау үшін қажетті нормативтік-құқықтық база жасалды. Ал 2021 жылы Экологиялық кодекс күшіне енген болатын. Алайда, заң талаптарын сақтау мен орындау деңгейі жеткіліксіз болып отыр, - деді сенатор Бектаев.

Сенатор Сұлтанбек Дүйсембинов шара барысында халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру жөніндегі шаралар өткізудің, атап айтқанда, балабақшаларда, мектептерде, жоғары оқу орындарында, қоғамдық орындарда, әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдарында таратылатын бейне және мәтіндер ауқымын дайындаудың маңыздылығын атап өтті.

Бүгін талқылап жатқан мәселе бір ғана министрліктің міндеті емес. Оны шешу үшін барлық мүдделі мекемелердің күш-жігерін біріктіру керек. Біріншіден, осы салаға қатысты заңдарды қайта қарау керек. Екіншіден, саланы цифрландыру, жасанды интеллект элементтерін қолдану және өндірісті автоматтандыру мүмкіндігін қарастыру керек. Үшіншіден, тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу тізбегінің бәрін қамтитын бірыңғай бағдарламаны әзірлеу қажет деп санаймыз, - деп атап өтті депутат.

Дөңгелек үстел отырысы барысында экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Жомарт Әлиев, Парламентаризм институтының директоры Қанатбек Сафинов, «Қазақстанның қайталама шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығы» ЗТБ директоры Батырбек Әубәкіров және басқалар баяндама жасады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы