Сенаторлар Торғай өңірінің жұртшылығымен кездесті

Сенат Төрағасының тапсырмасы бойынша Жеңіс Нұрғалиев пен Сергей Карплюк Қостанай облысының Жангелдин ауданына барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ахмет Байтұрсынұлы ауылының ақсақалдарымен кездесу барысында сенаторлар аймақтың өзекті мәселелерін талқылады. Ауданның инфрақұрылымдық даму деңгейінің төмендігі, соған байланысты жастардың ауылдардан кету проблемасы көтерілді. Жергілікті тұрғындардың пікірінше, Торғай ауылын Астанамен және Батыс өңірлермен байланыстыратын «Орталық-Батыс» автомобиль жолының құрылысын жеделдету қажет.

Өңірлерді дамыту – Сенат жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Қостанай облысынан сайланған депутаттар ретінде біз өз жұмысымызда жерлестеріміз үшін өзекті мәселелерді шешуге баса мән береміз. Осыған байланысты біз өңірді одан әрі дамыту мәселелерін қосымша талқылауға және қарауға әрқашан дайынбыз. Сіздер айтқан барлық ұсынысты Парламент қабырғасында заң шығару қызметі аясында қарастырамыз, – деді Сергей Карплюк.

Жеңіс Нұрғалиев пен Сергей Карплюк ауыл өміріне бейжай қарамаған ақсақалдарға  алғыс білдіріп, олардың бай өмірлік тәжірибесі мұндағы мәселелерді шешуге өз септігін тигізетінін атап өтті.

Сонымен қатар, депутаттар Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген үйді қайта жаңғырту процесімен танысты. Одан бөлек, ауылдағы медициналық пунктке, салынып жатқан мешітке барды. Сондай-ақ А.Байтұрсынұлы ауылына қарай автожолдың салыну барысына назар аударды. Қазіргі таңда 20 шақырымнан астам жол асфальтталған.

Сапар соңында депутаттар Торғайдағы Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы атындағы мұражайларға барды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы