Сенаторлар "Төрелік туралы" заңды қарайды
Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 13 ақпанда болатын Сенат отырысының күн тәртібін бекітті және Палатаның іс-шаралар жоспарын іске асыру аясындағы міндеттерді талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы бизнес өкілдерімен кездесу барысында салық реформасын жүргізуде білікті сарапшылардың, кәсіпкерлер мен депутаттардың бірлескен жұмысы айрықша маңызға ие екенін атап өткеніне назар аударды. Осыған байланысты Сенат төрағасы барлық мүдделі тарапты ел Президентінің тапсырмаларын іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін бірлесіп тиімді жұмыс істеуге шақырды.
Бюро отырысында сенаторлар осы аптада өткізілетін іс-шараларды да пысықтады. Бұл аптада Сенат комитеттері мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен "Төрелік туралы" Қазақстан Республикасының заңын іске асыруға және оны одан әрі дамыту перспективалары", сондай-ақ, әскери авиацияны дамыту және елдің әскери-әуе күштерінің жауынгерлік дайындығын арттыру мәселелері жөнінде отырыстар өткізеді.
Зейнетақы активтерін басқарудың тиімділігін арттыруға арналған дөңгелек үстелде осы саладағы өзекті мәселелер мен нақты ұсыныстар қаралып, талқыланады.
Сонымен қатар "Қазақстан Республикасында автомобиль жолдарын салу және пайдалану: ағымдағы жай-күйі, өзекті мәселелері мен оларды шешу жолдары" тақырыбымен өтетін Үкімет сағатына дайындық аясында сенаторлардың "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ басшылығымен кездесуі жоспарланған.
Алдағы бейсенбіде өтетін Сенат отырысында Палата депутаттары "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" заңды және оған ілеспе "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Түркістан қаласының ерекше мәртебесі және шет елдегі мәдениет орталықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды қарайды.
Аталған заңның мақсаты – Түркістан қаласының Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретіндегі ерекше мәртебесін айқындайтын құқықтық негіздерді реттеу.
Нақты айтқанда, Түркістан қаласының тарихи ескерткіштері мен тарихи-мәдени мұраларын, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің күзет аймақтарында орналасқан тарихи нысандарды басқарудың, сақтаудың, оларды ұстап тұрудың тиімді жүйесін құру тетіктері айқындалады. Құжаттағы бірқатар норма тарихи-мәдени мұраны сақтауға, дамытуға, жандандыруға және ұлттық қолөнерді өркендетуге, сондай-ақ, Түркістан қаласының халықаралық ынтымақтастығын одан әрі жандандыруға арналған.
Бұдан басқа, Бюро отырысында осыған дейін Мәжілістен келіп түскен заңдар жұмыс үшін Сенаттың тұрақты Комитеттеріне бөлініп берілді.