Сенаторлар сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң жобасын талқылайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алдағы 17 қыркүйекте өтетін жалпы отырыста Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасын екінші оқылымда қарайды. 

Бұл туралы бүгін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Бюро отырысында белгілі болды.

Отырыс барысында Палатаның кезекті отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстар қаралды. 17 қыркүйекте сенаторлар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласына қатысты заңнаманы жетілдіру мәселесін талқылайды. Заң жобасының басты міндеті – сыбайлас жемқорлықтың жүйелі түрде алдын алу бойынша қосымша шаралар енгізу.

Сондай-ақ, алдағы жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, сенаторлар ҚР Парламенті Сенатының 2020 жылға арналған негізгі іс-шаралар жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Одан бөлек, Бюро отырысында Мәжілістен түскен заң жобалары комитеттерге бөлініп берілді. Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті «2007 жылғы 27 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізу туралы келісімге толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді, - делінген ақпаратта.

Қаржы және бюджет комитетіне «2012 жылғы 3 мамырда Люксембургте қол қойылған Хаттамамен енгізілген өзгерістерді ескере отырып, 2008 жылғы 26 маусымда Астанада қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Люксембург Ұлы Герцогтігінің Үкіметі арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға толықтыру енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы тапсырылды. Бас комитеттерге тұрақты комитеттердің ұсыныстарын жинақтау және қорытындылар дайындау жүктелді.

 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы