Сенаторлар ШҚО тұрғындарымен тау-кен өндірісін дамыту мәселесін талқылады
Ольга Булавкина мен Шәкәрім Бұқтұғұтов Шығыс Қазақстан облысында жергілікті тұрғындармен, мәслихат депутаттарымен және аймақ басшылығымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жүздесуде өңірдегі медицинаны, білім беру мен өнеркәсіпті дамыту мәселелері және жолдардың жай-күйі талқыланды.
Риддерде көпсалалы аурухана салу мәселесіне ерекше назар аударылды. Мұндағы ескі аурухана ғимаратының салынғанына 70 жылдан астам уақыт өткен болатын. Сондықтан қала тұрғындары жаңа құрылыстың аяқталуын асыға күтіп отыр. Сенатор Булавкина республикалық бюджеттен қаржыландырылатын бұл жобаның сақалды құрылысқа айналмауы маңызды екенін атап өтті.
Депутаттар сондай-ақ өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен де кездесті. Онда тау-кен өнеркәсібіндегі кадр тапшылығына қатысты өзекті мәселелер және жоғары оқу орындарында маман даярлауға арналған грант саны аз екені айтылды. Сонымен қатар денсаулық сақтау мекемелерінде МӘМС желісі бойынша төлемді кешіктіру және балаларға арналған арнаулы мекемелер тәрбиешілерінің жалақысын арттыру мәселелері де қозғалды.
Парламентшілер сапар аясында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің жұмысымен де танысты. Сенаторлар осы оқу орнындағы студенттер іс жүзіндегі дағдыларды игеріп, автомобиль жүйелеріне, атап айтқанда электромобильдер мен гибрид автомобильдерге техникалық қызмет көрсету және диагностика жасау үшін симуляциялық сынақ жүргізетіні туралы хабардар етілді.