Сенаторлар Қытайдың Қазақстандағы елшісімен кездесті

Сенат депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Руслан Рүстемов Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Чжан Сяомен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тараптар Қазақстан мен Қытайдың қарқынды қатынастарының даму келешегін талқылады және ол екі ел арасында қол қойылған көптеген құжаттарда көрініс тапқаны туралы айтылды.

Нұртөре Жүсіп Қазақстан мен Қытайдың ынтымақтастығы сауда, энергетика, көлік, инвестиция, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп сияқты салаларда белсенді дамып келе жатқанын атап өтті. Мәдениет саласы бойынша кітап шығару, фильмдер түсіру, шаралар өткізуде бірлескен жобалар жүзеге асуда. Сауда және мәдени алмасуды үйлестіру үшін екі ел арасындағы іскерлік байланысты нығайтуға көмектесетін ҚР-ҚХР Ынтымақтастық комитетінің, Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің және Өңіраралық ынтымақтастық форумының отырыстары жүйелі түрде өткізіліп тұрады.

Қытай Халық Республикасы Қазақстан Республикасының негізгі стратегиялық әріптестерінің бірі екені белгілі. Дипломатиялық қарым-қатынас орнағалы бері Қазақстан мен Қытайдың ынтымақтастығы қарқынды және оң сипатта дамып келеді. Бүгінде елдеріміз арасында стратегиялық маңызды салаларда ұзақ мерзімді әріптестікке негіз болатын маңызды мемлекетаралық және өңірлік келісімдерге қол қойылды. Екі ел басшыларының мемлекеттік сапарлары жоғары деңгейдегі өзара іс-қимылды паш етеді. Қазіргі ресми кездесу толық өзара түсіністік жағдайында дамып келе жатқан Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарын нығайта түседі, - деді Нұртөре Жүсіп.

Чжан Сяо өз кезегінде Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларды жоғары бағалады. Ол Қытайдың Қазақстанмен орнықты және көп салалы ынтымақтастық қағидатын ұстанатынын, екіжақты қарым-қатынастың барлық саласындағы әріптестігін одан әрі нығайтуға және дамытуға үлес қосатынын атап өтті.

Кездесуге қатысушылар сонымен қатар жасанды интеллект құралдарын зерделеу және енгізу саласындағы ынтымақтастық мәселесін талқылады. Сенатор Қазақстан Президенті елімізде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамытудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткенін, сондай-ақ «Электрондық үкімет» жүйесіне жасанды интеллекті енгізу қажеттігі туралы айта келіп, оны Үкімет пен депутаттарға жұмыстың басым бағыты ретінде белгілегенін жеткізді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Парламент Сенатының баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы