Сенаторлар Қазақстанның ЕҚДБ-мен ынтымақтастық мәселесін талқылады
Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және еліміздің құқықтық инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған үш заңды қарады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның алғашқысы «Еуропа Қайта Құру және Даму банкін құру туралы келісімнің 12-бабының 1-тармағына жай операцияларға жарғылық капиталды шектеудің күшін жою мақсатындағы түзетулерді ратификациялау туралы» заң болды. Бұл заң ЕҚДБ Директорлар кеңесіне банк капиталының жеткілікті нормативі туралы жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Ол несие қызметінің икемділігін арттырады және Қазақстанның негізгі жобаларын тиімді қаржыландыруды қамтамасыз етеді.
Сенаторлар «Еуропа Қайта Құру және Даму банкін құру туралы келісімнің 1-бабына банк операцияларын географиялық қамтуды Сахарадан оңтүстікке қарай орналасқан Африка елдері мен Иракқа шектеулі түрде және біртіндеп қолдануды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін түзетулерді ратификациялау туралы» заңды да қарады. Бұл заң банк операциясының географиялық қамту аясын кеңейтеді және Қазақстанға халықаралық инвестиция саласында жаңа мүмкіндіктер ашумен қатар еліміздің жаһандық аренадағы позициясын нығайтады.
«Мемлекеттік (муниципалдық) сатып алуды жүзеге асыру кезінде банк кепілдіктерін өзара тану туралы келісімді ратификациялау туралы» заң ЕАЭО-ның басқа елдерінде банк кепілдігін пайдалану үшін құқықтық негіз жасайды. Бұл қазақстандық өнім жеткізушілердің шетелдегі мемлекеттік сатып алуға қатысуын едәуір жеңілдетуі тиіс.
Депутаттар талқылау қорытындысы бойынша заңдарды Палата отырысында қарауға жіберді.