Сенаторлар палатаның алдағы отырысын бекітті

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 2023 жылғы 9 наурызда өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәулен Әшімбаев 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістер енгізу туралы заң жобасын сапалы және жедел қараудың маңызды екенін атап өтті. Аталған заң жобасы өткен аптада Сенатта таныстырылды.

«Үшжылдық бюджетті нақтылау Мемлекет Басшысының Жолдауында және сайлауалды бағдарламасында жүктелген міндеттерді орындау үшін қолға алынып отыр. Бұл нақтылаудың маңыздылығын ескере отырып, оларды барынша жедел қарап, қабылдауымыз қажет. Сол себепті, Комитеттерден тиісті жұмыстарды жүргізуді сұраймын», – деді Мәулен Әшімбаев.

Алдағы Палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарайды. Заң мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға, мемлекеттік саяси қызметшілердің жауапкершілігін арттыруға, сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алуға ықпал етеді деп күтілуде.

Сонымен қатар бейсенбі күні Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры шеңберінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарайды. Бұл құжат мемлекеттік қызметтерді цифрландыру арқылы жер учаскелеріне құқықтар беру рәсімінің ашықтығын қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ осы заң жобасы арқылы жерге құқық беруді цифрлық ақпаратты көрсете отырып, жария кадастрлық карта бойынша «Электронды Үкіметтің» веб-порталы арқылы жүзеге асыру ұсынылуда.

«Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау және азаптау мен қатыгез әрекеттердің алдын алу саласындағы адам құқықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да Палата отырысының күн тәртібіне шығарылды. Заң жобасының мақсаты – қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық-атқару заңнамаларының нормаларын жетілдіру.

Одан бөлек, Бюро отырысында Сенаттың Парламент функцияларын орындауына байланысты Мәжілістен талап етілген және Үкіметтен келіп түскен заң жобалары жұмыс үшін Палатаның тұрақты Комитеттеріне бөлініп берілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы