Сенаторлар Палата отырысында әскери қызмет туралы заңды қарайды
Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 27 ақпан күні болатын Сенат отырысының күн тәртібін бекітті және Комитеттердің алдағы отырыстарында көтерілетін мәселелерді талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Отырыс барысында Бюро мүшелері Мемлекет басшысының "Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында 28 ақпанда "Еңбек адамы – ұлттық экономиканың өсуі мен ел өркендеуінің негізі" тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өткізу туралы қаулы қабылдады.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылды "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жариялағаны белгілі. Бұл бастама еңбек адамының беделін арттыруды, жастарды осы салаға жұмылдыруды және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрлар даярлауды көздейді. Сондықтан кадр тапшылығын және бұл бағыттағы басқа да өзекті мәселелерді жан-жақты зерделеп, оларды шешу үшін қажетті шаралар қабылдау аса маңызды, – деді Сенат Төрағасы.
Осы аптада Сенат комитеттері мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен өткізетін іс-шараларда ирригация жүйелерін жаңғырту, су шаруашылығына қажетті кадрлар даярлауды қамтамасыз ету және биологиялық қауіпсіздік мәселелері қозғалады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының "Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелері", сондай-ақ, "Өзекті институционалдық негіздер: мемлекеттік аудитті одан әрі дамыту" тақырыптарына арналған екі дөңгелек үстел ұйымдастырылады.
Бюро отырысында бекітілген күн тәртібіне сәйкес Палата депутаттары алдағы бейсенбіде "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының біртұтас энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімді ратификациялау туралы", "Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлуді бақылау жөніндегі күштеріне (UNDOF) ресурс ұсынатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды ратификациялау туралы" және "2024 жылғы 14 ақпандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлуді бақылау жөніндегі күштеріне (UNDOF) ресурс ұсынатын ҚР Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға хаттар алмасу нысанындағы келісімді ратификациялау туралы" заңдарды қарайды. Бұл құжаттар аталған салалардағы заңнамаларды жетілдіруге арналған.
Бұдан басқа, Палата отырысында сенаторлар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі әскери қызмет және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу" туралы заңды бірінші оқылымда қарайды. Заң Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды резерв қимылдарына дайын резервтік күштермен қамтамасыз ету үшін құқықтық негіз құру мақсатымен әзірленді.
Бюро отырысында осыған дейін Мәжілістен келіп түскен заңдар жұмыс үшін Сенаттың тұрақты Комитеттеріне бөлініп берілді.