Сенаторлар органикалық өнім өндірісі және айналымы туралы заңды қарады
Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Онда депутаттар Мемлекет басшысының тиісті ұсынуымен Жоғарғы сот судьясын қызметінен босату туралы мәселені қарады. Күн тәртібіне сәйкес отырыста ғылым және технологиялық саясат туралы, сондай-ақ, органикалық өнім өндірісі және айналымы туралы заңдар да қаралды.
Сенаторлар алдымен Талғат Ибрашевты Жоғарғы сот судьясы қызметінен босату туралы ел Президентінің ұсынымын қарады. Бұл мәселені Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде алдын ала талқылаған депутаттар Палата отырысында Мемлекет басшысының ұсынымын қолдау жөнінде шешім қабылдады.
Сонымен қатар бүгін Парламент депутаттары бастамашы болған «Органикалық өнім өндірісі және айналымы туралы» заң қаралып, мақұлданды. Бұл заң органикалық өнімнің ішкі нарығын қалыптастырып, дамытуға, отандық азық-түлік өндірушілерін органикалық өнім өндіруге ынталандыруға және олардың сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға арналған.
Заңда органикалық өнім өндірісіне көшудің негізгі шарттары қарастырылған. Оны өндіруге және таңбалауға, органикалық өнім айналымына тікелей талаптар белгіленген. Сондай-ақ органикалық өнімді есепке алу және қадағалау жүйесі енгізілген. Атап айтқанда, сәйкестік сертификаты болған кезде органикалық өнімді таңбалау қарастырылған. Осы ретте органикалық ауыл шаруашылығын агроөнеркәсіптік кешендегі сұранысқа ие бағыт ретінде дамыту үшін Заң органикалық өнім өндірісі мен айналымы саласында ғылыми қамтамасыз етуді регламенттейтін баппен толықтырылды.
Заңды қарау кезінде Сенат депутаттары оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне органикалық өнім өндірісі және айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды да мақұлдады.
Бұл заңдар елімізде органикалық өнім нарығын дамыту мақсатымен әзірленді. Жаңа нормалар арқылы органикалық өнім өндірісі мен айналымының құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздері айқындалады. Сондай-ақ түзетулер аясында органикалық өнім нарығын мемлекеттік реттеу шаралары қарастырылып отыр. Жалпы, мақұлданған заңдар органикалық өнімдердің сапасын және отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді деп сенеміз, – деген Сенат төрағасы заңға бастамашы болған депутаттарға алғыс білдірді.
Палата отырысында сенаторлар «Ғылым және технологиялық саясат туралы» және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және технологиялық саясат, платформалық жұмыспен қамту және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды бірінші оқылымда қарап, мақұлдады.
Аталған заңдардың нормалары ғылымды дамыту және ғылыми жетістіктердің нәтижелерін енгізу жөніндегі технологиялық саясатты іске асыру үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз етуге арналған. Сенаторлардың ұсынған түзетулер ғылыми кадрлар даярлауды қамтамасыз етуді, сондай-ақ, ғылыми қызметкердің әлеуметтік қорғалу кепілдіктерін іске асыра отырып, ғылым саласының стратегиялық, кәсіптік және әлеуметтік мәселелерін шешуді көздейді.
Бұдан бөлек, отырыс кезінде бірқатар депутаттық сауал жолданды.
Бибігүл Жексенбай Үкіметтің назарын су тасқыны салдарынан жойылу қаупі төнген тарихи-мәдени мұра нысандарына аударып, осы бағытта жедел шаралар қабылдау қажет екенін айтты.
Жанболат Жөргенбаев Алматы және Жетісу облыстарының тұрғындарын алаңдатып отырған электр энергиясына қолжетімділікке, газдандыруға және электр желілерінің тозуына қатысты проблемаларды көтерді. Осы бағытта сенатор бірқатар шара ұсынды. Олардың қатарында Талдықорған мен Қонаев қалалары арасында 220 кВ әуе желісін салу жөнінде бастама бар.
Жанна Асанова кейінгі кезде балаларда ерін мен таңдайдың туа біткен жырығы сияқты патологиялардың көбеюіне алаңдаушылық білдіріп, бұл жағдай жас жеткіншектің дамуында ауыр ауытқуларға әкелетінін айтты. Сенатор ауруды сапалы емдеп, жағымсыз салдардың әрі қарай өршуін болдырмау үшін оңалтумен және ортодонтиялық жақ түзетумен жалғасатын пластикалық хирургияның арнайы бағдарламаларын енгізу қажет деп есептейді.
Ернұр Әйткенов Павлодар облысында өнеркәсіптік тәуекелдерді барынша азайтуға тиіс санитарлық-қорғау аймақтарын белгілеу кезіндегі олқылықтарға назар аударды. Осыған байланысты ол санитарлық ережелер мен нормативтік құқықтық актілерге бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды.