Сенаторлар өңірлерде жергілікті тұрғындармен кездеседі
Бүгін Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата бюросының отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Онда 26 желтоқсан күні өтетін Сенат отырысының күн тәртібі бекітілді және депутаттардың өңірлерге баратын сапарларына қатысты мәселелер талқыланды.
Іс-шара барысында Мәулен Әшімбаев жақын күндері сенаторлардың өңірлерге сапарлары басталатынын атап өтті. Осыған байланысты ол барлық мүдделі тараптың кешенді көзқарасын талап ететін жұмыстың негізгі бағыттары мен міндеттеріне тоқталды.
Депутаттардың өңірлерге сапарының басты мақсаты – азаматтарды алаңдатып отырған өзекті мәселелерге баса назар аудару және сол проблемалардың оң шешілуіне атсалысу. Сапар кезінде шалғай елдімекендердің тұрғындарымен, қарапайым еңбек адамдарымен және шаруалармен кездескен абзал. Кездесулер барысында елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың маңызын және Парламент қабылдаған заңдардың негізгі ережелерін де жан-жақты түсіндіру қажет, – деді Сенат төрағасы.
Сондай-ақ депутаттар Сенат отырысының күн тәртібін бекітті. Соған сәйкес алдағы бейсенбіде болатын жылдың қорытынды отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарайды. Сонымен бірге «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да қаралады. Заң арқылы қоғамдық жұмыстарға тарту түрінде әкімшілік жаза енгізіледі және оны орындау тетігі айқындалады.
Бұдан басқа, Бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заңдар жұмыс үшін Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.