Сенаторлар мемлекеттік қызметті дамыту келешегін талқылады
Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ Парламенттің жоғарғы палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиын Мемлекет басшысының "Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында одан әрі дамудың жетістіктері мен перспективалары" тақырыбында өтті.
Комитет төрағасы Нұрлан Бекназаров отырыста сөз алды және мемлекеттік қызмет әлеуметтік институт ретінде әрекет ете отырып, азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыру мен олардың құқықтық мәртебесін қамтамасыз етуді басшылыққа алатынын, бұл кез келген демократиялық және құқықтық мемлекеттің басым бағыты екенін атап өтті.
Еліміз Президентінің тапсырмаларын орындау және мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында Парламент бірқатар маңызды өзгерістер енгізу туралы заң қабылдады. Оның ішінде ұлттық жобаларды жүзеге асыру кезеңіне келісім-шарт бойынша жұмыс істейтін қызметкерлерді тарту, ротация тетігін жетілдіру, өңірде кадр резервті құру және саяси мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейту де бар. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесін кезең-кезеңімен енгізу жалғасуда, жеке сектордан кандидаттар үшін мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ететін жаңа біліктілік талаптары қабылданды, қызметшілерді бағалаудың жаңа жүйесі енгізілді, - деді Нұрлан Бекназаров.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы өз кезегінде заңнамадағы өзгерістер мемлекеттік қызметте қабілет пен құзыретке негізделген жаңа үлгі қалыптастыруға мүмкіндік бергенін атап өтті. Азаматтар «адам факторынан тыс» автоматтандырылған және объективті іріктеу жүйесіне қол жеткізді. Бұл жастар, сондай-ақ жеке және квазимемлекеттік сектор өкілдері тарапынан мемлекеттік қызметке деген ынта-ықыласты арттырады.
Қызметкерлердің этикасы мен жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ үдерістерді бюрократиядан арылту және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша жұмыс жалғасуда. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің кадрлық ресурстарының сапасы, қажетті құзыреттерін күшейту, жоғары білікті мамандардың жетіспеушілігі және халықтың мемлекеттік аппаратқа сенімін арттыру мәселесі әлі де өзекті болып отыр.
Дөңгелек үстелге ұлттық экономика, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің, сондай-ақ Мемлекеттік басқару академиясы мен Парламентаризм институтының өкілдері қатысты.