Сенаторлар медиация институтын жетілдіру тетіктерін зерделеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламент Сенатының депутаттары Ләззат Сүлеймен мен Қанатбек Сафинов Алматы, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарының медиаторларымен, сондай-ақ медиацияны дамыту мәселелері бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесулер өткізді.

Бұ туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Сенаторлар кездесудің негізгі мақсаты – медиация институтын қалыптастыруды қолдау екенін айта келіп, уәкілетті органдардың, жергілікті атқарушы мекемелер мен медиаторлар қоғамдастығының татуласу және қоғамдағы шиеленісті азайту мәселелерінде медиация сындарлы ынтымақтастыққа ықпал ететінін атап өтті. 

Кездесу барысында медиаторлар сөз алып, осы саладағы проблемалар туралы мен медиация институтын дамыту жөніндегі өз ұсыныстарын ортаға салды. Олар медиацияны қолдануға болатын істер бойынша қылмыстық қудалау органдары мен соттағы лауазымды тұлғалардың іс-қимылын реттеуді, сотқа дейінгі міндетті түрдегі медиацияны енгізуді, Жәбірленушіге өтемақы қорынан медиатордың жұмысына ақы төлеуді және басқа да шараларды қарастыруды ұсынды.

Кездесулер барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері медиацияны насихаттау үшін әлеуметтік жобаларға медиаторлардың белсенді қатысуы жайында ұсыныс айтты. 

Сенаторлар кездесу қорытындысы бойынша Жоғарғы сот өкілдерімен, ақпарат және қоғамдық даму, ішкі істер және әділет министрліктерінің басшылығымен отырыс өткізуді жоспарлап отыр. Онда медиация саласының өзекті мәселелері талқыланатын болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы