Сенаторлар мақтааралдық шаруалардың мәселелерін талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат депутаттары Әли Бектаев пен Әлімжан Құртаев бастаған министрлік өкілдері Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты, деп хабарлады Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Ең алдымен халық қалаулылары Мақтаарал ауданының индустриалды аймағында құрылысы жүріп жатқан "Zhannasyl" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мақта өңдеу зауытына аялдады. 

Аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков индустриалды аймақта жүзеге асқан және жоспарланған жобалар туралы кеңінен мәлімет беріп, құрылысы жүріп жатқан аталған зауыт іске қосылғаннан соң мақта өңдеу зауыттарының арасындағы өзара бәсекелестіктің қалыптасуы мақта бағасының жоғарылауына әсер ететінін жеткізді. 

Зауыттың басшысы Нұрлан Сарсенбаевтың айтуынша, жалпы құны 2,5 миллиард теңге тұратын ауқымда жоба іске асқан жағдайда 150 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған. 8 гектар аумақты алып жатқан нысан жылына 65 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы екен. Сондай-ақ зауыттың құрылыс-монтаж жұмыстары жылдың ортасына дейін аяқталып, мақта терім маусымы қарсаңында толық іске қосылатын болады. 

Мақта өңдеу зауытының ішін аралап, құрылыс жұмыстарымен толық танысқан Әли Бектаев Алматы қаласынан келіп өзінің туған жеріне ірі көлемде инвестиция құю арқылы халықты жұмыспен қамтуға атсалысып жатқан Нұрлан Сәрсенбаев сияқты патриот кәсіпкерлерге жергілікті әкімдік тарапынан барынша қолдау көрсетілу керектігін айтып, өзінің шынайы алғысын білдірді. 

Мұнан соң Елордадан келген делегация ауданның шаруаларымен кездесіп, олардың мәселелерін тыңдады. Жер емген диқандар жанар-жағармай мен ағын судың құнын төмендету, тыңайтқыштарды ерте жеткізу және тік дренажды ұңғымалардың мәселесін көтерді. Оның ішінде аудандық мәслихаттың депутаты Сүндет Кенжебаев Жаңажол және Ж.Нұрлыбаев ауылдық округтеріне қарасты "ПУИД-2" жобасына енбей қалған 57 дана тік дренажды ұңғымаларды қайта жөндеу үшін жасалған жобалық-сметалық құжаттаманы сенат депутаттарына ұсынып, жөндетіп беруге уәделерін алды. 

Сенат депутаттары бастаған делегацияның соңғы аялдаған нысаны - "Хамро ата" шаруа қожалығының жылыжайы. 7 гектар аумақты алып жатқан жылыжайда лимон, қызанақ, қияр, болгар бұрышы, баялды сияқты т.б. 12 түрлі дақылдар өсірілуде. Делегация мүшелері осындай қожалықтарды еліміздегі әрбір елді мекеннен ашып, оны дамыту арқылы тұрғындардың басым бөлігін жұмыспен қамтуға болатынын жеткізді. 

Айта кетейік, жалпы Мақтаарал ауданында 52 гектардан астам жылыжайда түрлі дақылдар өсірілуде. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы