Сенаторлар кәсіптік-техникалық колледждердің қызметімен танысты

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары «Еңбек адамы - ұлттық экономиканың өсуі мен ұлттың өркендеуінің негізі» тақырыбындағы парламенттік тыңдауға дайындық аясында астаналық «Көлік және коммуникация жоғары колледжі» мен «Технология колледжінде» болды, сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» компаниясының өндіріс нысандарын аралады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп экономиканы дамыту және ұлттың өркендеуі үшін жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Ол көлік, энергетика және өнеркәсіп сияқты экономиканың негізгі салаларының тиімді жұмыс істеуі жоғары білікті кадрларға байланысты екенін айта келіп, Қазақстанның еңбек әлеуетін одан әрі дамыту үшін білім беру, оқу бағдарламаларын жаңғырту және қызметкерлердің біліктілігін арттыру мәселелеріне назар аудару қажет екенін жеткізді.

Білім беру мекемелері мен өндірістік компаниялардың ұжымдары және мемлекеттік биліктің үйлесімді жұмысы Қазақстанның өркендеуіне негіз болатын қуатты еңбек әлеуетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жастарға жұмыс орындарын ашуға және еңбекшілерді әлеуметтік қорғауды дамытуға ықпал ететін болады, - деп атап өтті сенатор.

Депутаттар сапар барысында оқу бағдарламаларымен және студенттерді машина жасау, энергетика, көлік және ақпараттық технология сияқты салаларда оқыту тәжірибесімен танысты. Оқу жоспарларын жаңғырту және жаңа технологияны оқыту үдерісіне интеграциялаудың, сондай-ақ оқытушылардың біліктілігін арттырудың маңыздылығына ерекше назар аударылды.

ҚТЖ басшылығымен және қызметкерлерімен кездесулерде инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа технологияны енгізу және теміржолда қауіпсіздікті арттыру мәселелері талқыланды. Бұл шаралар қызмет көрсету сапасын арттыру мен жұмыспен қамтудың өсуіне және еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға ықпал ететін жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: сенат
Өзгелердің жаңалығы