Сенаторлар ғалымдардың ғылыми-техникалық қызметінің нәтижелерімен танысты

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары «Отандық ғылымды дамыту және ғылыми-техникалық прогресс» тақырыбына арналған дөңгелек үстелге дайындық аясында ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерінің жұмысымен танысу мақсатында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Университетте атом және сутегі энергетикасы, молекулалық биология, ген инженериясы, биомедицина және т.б. салаларда 240-тан астам ғылыми зерттеулер мен халықаралық 10 ғылыми жоба іске асып жатқаны туралы сенаторлар хабардар етілді. Ал 13 факультетте және 31 ғылыми-зерттеу орталығында ғылыми қызмет жүргізіліп келеді.

Парламентшілер жоғары оқу орны базасында құрылған құрылыс, жол-құрылыс секторы қызметтерінің толық тізбегін көрсету жөніндегі Құрылыс-техникалық инжиниринг орталығының зертханасында болды. Орталық құрылыс саласына қажетті озық технологияларды әзірлеумен айналысады.

Сенат депутаттары шара барысында басшылықпен және профессор-оқытушылар құрамымен ғылыми қызметті дамыту мәселелерін, проблемаларды, сондай-ақ оларды шешу жолдарын талқылады. Парламентшілер сапар қорытындысы бойынша кездесу аясында көтерілген өзекті мәселелерді назарға алып, олардың алдағы дөңгелек үстел отырысында талқылауға шығарылатынын атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы