Сенаторлар энергия тиімділігін арттыруды көздейтін заң жобасын талқылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысы болды.
Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.
Онда депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, жер қойнауын пайдалану, жергілікті мемлекеттік басқару және мемлекеттік шекара мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады.
Құжаттың мақсаты энергия тиімділігі саласындағы заңнаманы жетілдіру және электр станцияларына газ қондырғыларын орнату жөнінде инвестициялық жобаларды іске асыру болып табылады.
Сонымен қатар заң жобасы Алматы қаласын дамыту аясында қоғамдық қатынастарды реттеуді жақсартуды, сондай-ақ шекара бөлімшелері мен мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеттерін салу жөніндегі мәселелерді шешуді көздейді.
Комитет мүшелері талқылау нәтижесі бойынша заң жобасын Палата отырысында 2 оқылымда қарауға жіберу туралы шешім қабылдады.