Сенаторлар электр самокаттарға қатысты заңды мақұлдады
Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Белгілі болғандай, заң қолданыстағы құқықтық олқылықты жою және шағын электр көлігі құралдарын, сондай-ақ электр самокаттарын пайдалану мәселелерін заңнамалық реттеуді мақсат тұтқан. Сонымен қатар заң арқылы көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерді, жүргізуші куәліктерін және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін дайындауға мемлекеттік монополия енгізілу қарастырылған.
Қазіргі уақытта электр самокаттарын және шағын электрлі көлік құралдарын пайдалану заңмен реттелмеген. Заң тұжырымдамасы шағын электрлі көлік құралдарын, электр самокатын пайдалану мәселелерін заңнамалық реттеу қажеттілігімен, сондай-ақ көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерді, жүргізуші куәліктерін және мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін дайындауға мемлекеттік монополияны енгізумен негізделген. Осыған байланысты, Мәжіліс қабылдаған Заң электр самокаттарын және шағын электрлі көлік құралдарын пайдалануды заңнамалық негізде реттеуге және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Мәжіліс қабылдаған заңды мақұлдау және электр самокаттары мен шағын электрлі көлік құралдары жүргізушілерінің құқықтары мен міндеттерін, оларды пайдалану кезіндегі шектеулерді белгілеу электр самокаттары мен шағын электрлі көлік құралдарын пайдалануды құқықтық реттеуді қамтамасыз етуге және осы мәселе бойынша қолданыстағы құқықтық олқылықты жоюға ықпал ететін болады, - деді сенатор Амангелді Толамисов.