Сенаторлар Екібастұз жылу энергетика орталығына барды
ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ернұр Әйткенов пен Алтынбек Нухұлы Екібастұздағы жылу энергетика орталығында болып, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Депутаттар ЖЭО-да жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқан учаскелерді қарады және жылу беру маусымына дайындық үдерісіне куә болды.
Станцияда барлық 10 қазандықты жөндеу қарастырылған, оның ішінде 8 қазандықта күрделі жөндеу жұмыстары жасалатын болды. Су жылытатын 5 қазандыққа бюджет қаржысы есебінен күрделі жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ 5 энергетикалық қазандықты, қосалқы жабдықтарды, ғимараттар мен құрылыстарды күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасау жоспарланып отыр.
№7 және №9 қазандықтарды жөндеу 1 шілдеде аяқталды. №6 энергетикалық қазандық пен су жылытатын 5 қазандықта жөндеу жұмыстары жалғасуда. Ол жұмыстар 18 тамызда аяқталады. №11, 14, 15 су жылыту қазандықтарында бөлшектеу жұмыстары аяқталды. Бұл мәселені біз бақылауда ұстаймыз, - деп атап өтті сенаторлар.