Бүгiн 2026, 13:30 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Сенаторлар дабыл қақты: Бюджеттен 648 млрд теңге тиімсіз жұмсалған

Сенаторлар бюджеттегі тиімсіз шығындар мен бизнесті қолдау жүйесіндегі кемшіліктерді атады.

Сенатта 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептері қаралды.

Талқылау барысында депутаттар Мемлекет басшысының бюджет жоспарлау, бизнесті қолдау, Ұлттық қор қаражатын пайдалану және бюджет шығыстарының тиімділігіне қатысты тапсырмаларының орындалуына назар аударды.

Сенат төрағасы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары әлі де шашыраңқы сипатта қалып отырғанын айтты. Оның пікірінше, қазіргі жүйе қолдау тетіктерінің нақты тиімділігін толық бағалауға мүмкіндік бермейді.

Осыған байланысты жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, барлық қолдау шараларын қамтитын бірыңғай мониторинг және бағалау жүйесін енгізу ұсынылды. Мұндай жүйе қайталанатын шығындарды азайтып, бюджет қаражатының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сенатта келтірілген мәліметке сәйкес, 2025 жылы республикалық бюджет кірістері 21,1 трлн теңгені құрап, жоспар 98,6 пайызға орындалған. Оның ішінде салықтық түсімдер көлемі 14,46 трлн теңгеге жеткен.

Ал республикалық бюджет шығыстары 25,4 трлн теңгені құрады. Шығыстар бойынша жоспардың орындалмай қалған көлемі 303,8 млрд теңге болса, оның 278,5 млрд теңгесі игерілмеген.

Бюджет тапшылығы 4,065 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 2,5 пайызы деңгейінде қалыптасты.

Сонымен қатар Жоғары аудиторлық палата бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылған көлемі 648,7 млрд теңгеге жеткенін мәлімдеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есе көп.

Есептерді қарау барысында сенаторлар бюджет жоспарлаудың сапасын арттыру, бюджетті нақтылау рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін жетілдіру, фермерлер үшін қаржыландырудың қолжетімділігін кеңейту мәселелерін де көтерді.

Сондай-ақ энергетика және коммуналдық шаруашылық салаларындағы жобаларды іске асыру, ғарыш саласын дамыту, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдауға бөлінетін қаражаттың тиімді жұмсалуы да талқыланды.

Депутаттар қазіргі жағдайда мемлекеттік шығындардың нәтижелілігіне, қолдау шараларының нақты бағытталуына және олардың азаматтар мен өңірлерге беретін әлеуметтік-экономикалық әсеріне басымдық беру қажет екенін атап өтті.