Сенаторлар бизнес-туризмді дамытуға ықпал ететін институт құру туралы заңды мақұлдады
Сенаттың жалпы отырысында «Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы институтын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Келісім Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы институтының құқықтық жағдайын, қызмет тәртібін, міндеттері мен өкілеттіктерін белгілейді. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу саласындағы өзара байланысты дамытуға ықпал етеді, – деді заң жөнінде пікір білдірген Мәулен Әшімбаев.
Заң Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығына мүше елдердің өңірлік ынтымақтастық процестеріне қатысуын кеңейтуге және өңірдегі жедел экономикалық өсу үшін бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндіктер алуға бағытталған.
Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы институты 2015 жылғы 15 наурызда Үрімші қаласында 2014 жылғы 6 қарашадағы Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасының 13-ші министрлік конференциясының шешімі негізінде ресми түрде ашылды. Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы институтына мүшелік жарнаның көлемі ерікті болып табылатынын және дауыс беру құқығына ешқандай әсер етпейтінін атап өту маңызды. Барлық шешімді басқарушы кеңес барлық қатысушы елдердің консенсусы негізінде қабылдайды, - деді сенатор Бауыржан Қаниев.
Сонымен қатар институтқа мүше елдер кез келген уақытта депозитарийге жазбаша хабарлама тапсыру арқылы Институт құрамынан өз қалауы бойынша шыға алады.
Тұтастай алғанда, сенаторлар бұл заң Қазақстанға ғылыми жобаларды іске асыруға, мүше мемлекеттердің өңірлік ынтымақтастық процестеріне қатысуын кеңейтуге және олардың әлеуетін жақсартуға бағытталған институттың толыққанды мүшесі болуға мүмкіндік береді деп отыр. Сондай-ақ Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы институтының еліміздегі филиалын құруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жергілікті ғылыми әлеует деңгейін арттыруға, қосымша жұмыс орындарын ашуға, бизнес-туризмді дамытуға әкеледі.