Сенаторлар: Басты мақсат – халықтың әл-ауқатын көтеру

Астана, BAQ.KZ. Парламент Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы мен Бекмырза Еламанов Қызылорда облысына жұмыс бабындағы сапармен барды.

Сыр өңіріне келгендегі басты мақсаты – халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс тіршілігін көзбен көріп, ауыл еңбеккерлерімен пікірлесу, «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орайластырылған ХVІІІ съезінде алға қойған негізгі міндеттерді жан-жақты түсіндіру болып табылады.

Сенаторлар 4 наурыз күні Қызылорда облысы Арал және Қазалы аудандарында болды. Бірінші кезекте Арал ауданының аудандық ауруханасында, «Аралтұз» мекемесінде және аудандық жұмыспен қамту орталығында, Қазалы ауданындағы ауруханада, жұмыспен қамту орталығында және аудандық орта мектепте болып, аудан белсенділерімен, мекеме ұжымдарымен, мәслихат депутаттарымен, жастармен, шаруа қожалықтарымен, дәрігерлермен, кәсіпкерлер мен мұғалімдер және көп балалы аналармен сондай-ақ, тұрмыс деңгейі төмен отбасылармен кездесті.

Кездесу барысында депутаттар партия съезіндегі жария етілген әлеуметтік бастамаларға жеке-жеке тоқталып, маңызы мен ауқымын түсіндірді. Атап айтқанда, балаларға бөлінетін жәрдемақы мөлшері ұлғаятыны, тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардың жағдайын жақсарту, табысы төмен отбасылардың баспана мәселесін шешу, өңірлерді кешенді түрде дамыту үшін жеке кәсіпкерлерге жеңілдіктер беру одан ары жалғасатыны, білім беру, денсаулық сақтау саласы дамитынын айтты. Қазіргі таңда аталған мәселелерді шешу үшін Үкімет пен орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, мемлекеттік емес ұйымдар бірігіп, кешенді жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтілді.

Елбасының тапсырмасына сәйкес сонымен қатар биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап жалақысы төмен бюджет қызметкерлерінің еңбек ақысы 30 пайызға ұлғаятыны және аудан, облыстардағы атқарушы органдардың төменгі буын қызметкерлерінің еңбек ақысы 25 пайызға көтерілетіні айтылды.

Сондай-ақ қоғамдық талқылауға түскен «Мұғалім мәртебесі туралы» заң жобасындағы ерекшеліктер мен жаңалықтарға да тоқталды.

Кездесу барысында аудан белсенділері, шаруа қожалықтары мен қоғамдық ұйымдар басшылары мен жұмысшылары, аудандық маслихат депутаттары, кәсіпкерлер мен жастар, дәрігерлер мен мұғалімдер және көп балалы аналар, сондай-ақ тұрмыс деңгейі төмен отбасылар арасындағы кездесу барысында көп балалы отбасылар мен табысы аз отбасыларға қарастырылған жеңілдіктер, дәрігерлердің мәртебесі, жас мамандардың болашағы, жеке кәсіп үшін бөлінетін субсидиялар туралы, баспаналы болу үшін қиындықтар мен жеңілдіктері және де халықты толғандырып жүрген басқа да маңызды сұрақтар қойылды. Депутаттармен кездесу жақсы деңгейде өтіп, қажетті ақпараттар берілді.

Сенаторлар барша Сыр өңірінің халқын бірлесе жұмыс атқарып, алға қойған мақсаттарға бірге жетуге шақырды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы