Сенаторлар Бас прокуратураға барды
Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ. ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева бастаған жоғарғы Палата депутаттары «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жобаларын прокуратура органдарында іске асыру мәселелері бойынша Бас прокуратурада көшпелі отырыс өткізді.
ҚР Парламенті сенатының баспасөз қызметінің хабарлауынша, бас прокуратура электрондық қылмыстық істі, әкімшілік іс жүргізудің және субъектілер мен нысандарды тексерудің бірыңғай тізілімдерін, электрондық өтініштер мен талдау орталығын енгізіп отыр. Жобалар мемлекеттік органдар қызметінің процестерін оңтайландыруға, ашықтықты қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық қауіптерін азайтуға және бюджет қаражатын үнемдеуге бағытталған.
Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов елімізде бүгінгі күні қылмыстық істердің 16 пайыздан астамы электрондық түрде тексерілетінін хабардар етті.
Қазіргі кезде кішігірім және орташа ауыр қылмыстар бойынша істер тергелуде, ал қылмыстық қудалау органдары қызметкерлерінің дағдылануына қарай неғұрлым ауыр қылмыстарды тергеу де электрондық сипатқа көшетін болады.
Адвокаттар мен қылмыстық процестің басқа да қатысушылары үшін бірқатар қызмет түрлері, оның ішінде істің материалдарына онлайн қол жеткізуді қамтамасыз ететін «жария сектор» жүзеге асатын болады.
Прокуратура барлық мемлекеттік органдарға әкімшілік іс жүргізуді электронды сипатта жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бірыңғай жүйе құрған болатын, оған 60-тан астам мемлекеттік орган қатысады. Жоба ішкі істер органдарынан бастап іске қосылды әрі қажетті техникамен қамтамасыз етілді және осы жылдың 1 сәуірінен бастап жол қозғалысы ережелерін бұзу бойынша хаттамаларды ресімдеу толықтай электрондық сипатқа көшті.
Әкімшілік құқық бұзушылықтың бірыңғай жүйесі қалалық «Сергек» камераларымен және басқа да фото және бейнежазба құралдарымен біріктірілген. Айыппұл төлеу тәртібі оңайлады.
"Аймақтардағы және тұтас еліміз тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелерді толыққанды есепке алу және талдауды қамтамасыз ету мақсатында прокуратура электронды өтініштер жүйесін құратын болды. Жүйе аралық буындарды алып тастауға мүмкіндік береді және өтініштер осы мәселелерді қарауға уәкілетті мемлекеттік органға тікелей түсетін болады. Құрылған талдау орталығы барлық құқықтық ақпаратты жинақтайды және ауқымды деректерді өңдеу негізінде заңдылықтың бұзылу себептерін тереңірек зерттеуге әрі ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді", - делінген таратылған ақпаратта.
Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов осы жүйені іс жүзінде пайдаланып отырған мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлердің қатысуымен онлайн түріндегі жұмысын көрсетті.
Сенат Төрағасы Д.Назарбаева кездесуді қорытындылай келіп, электрондық әкімшілік іс жүргізуді енгізу жөніндегі жобаны іске асыруға байланысты, атап айтқанда, заңнамаға азаматтарға салынған айыппұлдар туралы смс хабарлама жөнінде өзгерістер енгізу, шетелде тіркелген көлік құралдарын бақылау жүйесін жетілдіру, сондай-ақ салық төлеу және салық органдарының аймақтық жүйелерін кіріктіру жөнінде бірқатар ұсыныстар айтты.