Сенаторлар бала құқығын қорғауды күшейту туралы заңды мақұлдады
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарады және депутаттық сауалдарын жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Отырыста қаралып, мақұлданған «Бала құқықтары туралы конвенцияға хабарлар рәсіміне қатысты факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заң бала құқықтарын қорғау деңгейін арттыруды көздейді. Құжатта Бала құқықтары туралы конвенцияда бекітілген құқықтар бұзылған жағдайларда балалардың немесе олардың ата-аналарының жеке шағымдарын қарау тетігі белгіленеді.
Елімізде өскелең ұрпақтың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрдайым басты назарда. Сондықтан Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының бұл саладағы бастамаларын толығымен қолдайды. Мақұлданған заң азаматтарымызға Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары жөніндегі комитетіне бала құқықтарының бұзылуы туралы шағымдануларына мүмкіндік береді. Алдағы уақытта бұл құжат елімізде балалардың мүдделерін қорғау тетіктерін жетілдіру үшін қосымша құқықтық негіз қалыптастырады деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар сенаторлар «2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.
Хаттама Ресей Федерациясымен мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу кезінде туындайтын жекелеген мәселелерді реттеуге бағытталған. Мақұлданған заң екі ел арасында бұл саладағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға оң септігін тигізеді деп күтілуде.