Сенаторлар әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандырумен танысты
Сенаторлар әскерде қызмет атқару ахуалымен және әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандырумен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің арнайы мақсаттағы дербес десанттық-шабуылдаушы бригадасы – №68665 әскери бөлімде болды.
Сенаторлар бөлімнің қызметтік-жауынгерлік міндеттерімен танысты және сол тапсырмаларды орындауға арналған күші мен құралдардың көлемі және саны туралы хабардар етілді. Парламентшілер сонымен қатар тұрмыстық бөлмелерді аралады және әскери құрал-жабдықтар мен киім-кешектің жағдайы және сақталу барысына да куә болды. Әскери техника, қару-жарақ және жеке құрам жабдықтарының үлгілері де көрсетілді.
Сенаторлар жеке құраммен кездесу барысында әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелерін қозғап, әскери қызметтің тұрмыстық және қызметтік жағдайы мен болашағын талқылады. Депутаттар бұл бригаданың үлгілі-үздік екенін, халықаралық деңгейдегі марапаттары мен ерекшеліктері бар екенін атап өтті. Сенаторларға осы әскери бөлімнің сарбаздары БҰҰ-ның Ливандағы бітімгерлік миссиясына қатысқаны туралы да ақпарат берілді.