Сенаторлар Ақтау қаласындағы арнайы экономикалық аймақта болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Серікбай Трұмов, Сүйіндік Алдашев және Бақтыбай Шелпеков Ақтау қаласының маңында орналасқан арнайы экономикалық аймақ нысандарының жұмысымен танысты.
Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.
Депутаттар кездесу барысында "Ақтау теңіз порты" АЭА қызметіндегі бірқатар маңызды сұрақтарға жауап алды. Сондай-ақ аймақ нысандары инфрақұрылымын қамтамасыз ету, мерзімін ұзарту және жер учаскелерін ұтымды пайдалану сияқты проблемалық мәселелерді де талқылады.
Сенаторлар Мұнайлы ауданындағы орталық аурухана құрылысының барысымен танысты. Депутаттар нысанды аралау барысында оның ауданға қажет екенін және соған байланысты құрылыс қарқынын жеделдетудің маңызды екенін атап өтті.
Сенаторлар Мұнайлы ауданындағы Қызылтөбе ауылдық округіндегі жерасты газ құбырын қайта жаңарту жұмыстарының барысымен де танысты. Ол үшін бұрын республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, қазіргі уақытта мердігер ұйымды анықтау үшін конкурс ұйымдастырылған болатын.
Депутаттар сонымен қатар Мұнайлы ауданының Баянды ауылындағы тұщыландыру мембранасының жұмысымен де танысты. Өткен жылдың ақпан айында іске қосылған жоба Мұнайлы ауданындағы су тапшылығы мәселесін шешуге арналған болатын. Жазғы кезеңде бұл қондырғы тәулігіне 4 000 текше метрге дейін ауыз суды тұщытты, Баянды ауылын ауыз сумен қамтамасыз етті. Қыста ауыз судың жеткілікті мөлшеріне байланысты мембрананың жұмысы тоқтады.
Сенаторлар аймақ тұрғындарымен кездесуде Президент Жолдауының негізгі бағыттарына тоқталып, сапар аясында көтерілген барлық мәселелер Сенаттың бақылауында болатынын атап өтті.