Сенаторлар Алматы қаласының Бас жоспарын әзірлеудің жаңа тәсілдерімен танысты

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары Ғалиасқар Сарыбаев, Сергей Ершов және Жанна Асанова Алматы қаласының Бас жоспарының жобасымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сапар барысында депутаттарға бас жоспарды әзірлеу тәсілінің басты жаңалығы – озық цифрлық технологиялар мен жобалаудың әлемдік тәжірибесін пайдалану болғандығы туралы айтылды. Сенаторларға сондай-ақ құрылыс құрылымдарының жалпы жай-күйін алдын ала тексеру және бағалау үшін жылжымайтын мүлік объектілеріне паспорттау жүргізілгені туралы хабарланды.

Депутаттар Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Ерлан Әлібековтің баяндамасын тыңдады. Ол жер сілкінісі кезінде халықты іс-әрекетке дайындау жүйелі түрде жүргізіліп жатқаны туралы айтты. Өткен жылдың 2 желтоқсанында жоспар бойынша мегаполистегі 600 нысанда жалпы қалалық сейсмикалық жаттығу өткізілді және оған 760 мыңнан астам Алматы тұрғыны қатысты. Ағымдағы жылы жалпы қалалық сейсмикалық жаттығулар сәуір және қыркүйек айларына жоспарланған.

Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев халықпен жиі жұмыс жүргізу, оның ішінде зардап шеккендерді қабылдау пункттері бойынша ТЖД қызметі жөнінде ақпараттық-түсіндіруді қолға алу қажеттігін атап өтті. Ал депутат Жанна Асанова Алматы қаласының барлық тұрғындары мен қонақтары қажетті ақпаратқа ие болуы үшін «Дәрмен» интернет-қосымшасына маңыз беруді ұсынды.

Сонымен қатар сенаторларға Дағдарыс орталығының жұмысы, сел қаупінің автоматтандырылған мониторингі жүйесі және «Арал» хабарландыру жүйесі көрсетілді.

Сенаторлар Төтенше жағдайлар министрлігінің Республикалық жедел-құтқару жасағының қызметкерлерімен маңызды мәселелерді талқылады. Сондай-ақ сейсмология институтында да болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы