Сенаторлар Ақтөбе облысындағы әлеуметтік нысандарды аралады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламент Сенатының депутаттары Ақтөбе облысындағы әлеуметтік маңызды нысандарды аралады.

"Парламент Сенатының депутаттары Марат Тағымов пен Мұхтар Жұмағазиев Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Оңдасын Оразалинмен кездесіп, өңірдің әлеуметтік экономикалық дамуы, халықтың жағдайын жақсарту, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, агроөнеркәсіптік кешен, жол инфрақұрылымы мен ауыл-аймақтарды абаттандыру сияқты бірқатар маңызды мәселелерді талқылады", - деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Облыстық сотта сенаторлар сот жүйесін әрі қарай жаңғырту, өңірдегі сот төрелігінің әділдігін сөз етті. Сондай-ақ сот ісін жүргізудегі жаңа технологиялардың қолданылуы, оның ішінде қылмыстық істерді қарауды электрондық нұсқаға көшіру тәжірибесімен танысты.

Ішкі істер департаментінің жұмысымен танысу кезінде құқық қорғау органдарын реформалау, кадр жетіспеушілігі, халықтың сенімін жоғарылату, қызметкерлерді әлеуметтік және материалдық қамтамасыз ету мәселелері көтерілді.

Сенаторлар Ақтөбе әкімі Мавр Абдуллинмен де кездесіп, тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған жоспарлар барысымен танысты. Көпбалалы отбасылар мен басқа да жағдайы төмен азаматтардың тұрғылықты жерлеріне барып, сұрақтарына жауап берді.


Өңірдегі әлеуметтік маңызы бар шағын және орта бизнес кәсіпорындарын аралаған депутаттар қияр, қызанақ өсіріп отырған жылыжайға барды. Ондағы жаңа технологиялар барысын көріп, ұжыммен кездесті.

Ақтөбедегі жаңа үй құрылысы комбинатын аралау барысында депутаттар үйді тұрғызуға арналған панель құрылғысымен танысты. Жаңа өндіріс орнының қуаттылығы – жылына 50 мың шаршы метр. Өнім жасау кезінде алдыңғы қатарлы инновациялық технология пайдаланылады.

Марат Тағымов пен Мұхтар Жұмағазиев өңірде құрылыс әлеуетінің жоғары екенін атап өтті. Тұрғын үй салуға пайдаланылатын материалдардың дені облыс кәсіпкерлерінен шығып отыр. Жергілікті компаниялардың құрылыс заттарын жасауда, үйді салуда тәжірибесі мол. Қазіргі кезде аймақта силикатты керамикалық кірпіш шығаратын 6 зауыт қарқынды жұмыс істеуде. Кездесуде Қазақстан өнімдерінің әлемдік нарыққа шығуына барлық мүмкіндігі бар екені де сөз болды.

«Рухани жаңғыру» мен Жастар жылының жариялануы аймаққа үлкен серпіліс бергені көрініп тұр. Ақтөбе Жоғарғы политехникалық колледжінде өткен кездесуде сенаторлар мұнай, автомобиль, ауыл шаруашылығы, IT-технология сияқты мамандықты оқып отырған жастарға кешенді қолдау, білім, денсаулық сақтау, қолжетімді баспана, кәсіпкерлікті дамыту сияқты басты бағыттар бойынша жасалып жатқан бағдарламаларды түсіндіру аясында кездесу өткізді. Депутаттар оқу ордасының студенттерге жасаған материалдық-техникалық жағдайын жоғары бағалады. Әлеуметтік мәселелер, атап айтқанда жатақханамен қамту, мәдени шаралар ұйымдастыру, әлеуметтік-психологиялық қызмет сияқты сұрақтар да шешімін тапқаны айтылды.

Сондай-ақ, білім саласындағы өзгерістер, мұғалімдердің жалақысын көтеру, ұстаздар мәртебесін жоғарылату сияқты тақырыптарда әңгіме қозғалды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы