Сенатор Жөргенбаев электр және газбен қамтамасыз ету проблемасын көтерді
Сенатор Жанболат Жөргенбаев өзінің депутаттық сауалында Алматы облысындағы елді мекендерді электр энергиясымен қамтамасыз ету және газдандыру мәселесі туралы жария етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Парламентшінің айтуынша, Қазақстанда электр энергиясының 70%-ы көмірден өндіріледі және біздің еліміз әлемдегі энергияны көп қажет ететін елдердің бірі болып табылады. Халық электр энергиясына толық қол жеткізіп отырса да электр желілерінің тозуы аса маңызды болып отыр. Маңғыстау және Ұлытау облыстарында электрмен жабдықтау сапасы тіпті төмен болып отырғаны байқалады. Сенатор бұл тізімге Алматы облысын да қосуға болатынын атап өтті.
Алматы облысында электр тапшылығын жабу және авариялар болған жағдайда электр энергиясын берудің резервтік желісімен қамтамасыз ету мақсатында Талдықорған және Қонаев қалалары арасында әуе желісін салған жөн болар. Бұл әуе желісі құрылысы Талдықорған қаласы тарапынан энергия ағыны есебінен электр энергиясын қамтамасыз етудегі тұрақтылықты жақсартуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Бұл жөнінде министрлік энергияны тиімді пайдалану, дәстүрлі қуат көздеріне тәуелділікті азайтып, жасыл энергияны дамыту үшін тиянақты, жүйелі жұмыстар жүргізуі қажет екенін ескеру керек, - деді Жанболат Жөргенбаев.
Сенатор сонымен қатар еліміздегі газдандыру мәселесіне де тоқталып, бүгінгі таңда республика халқының 59%-ы газбен қамтылғанын атап өтті. Сонымен қатар, газды тұтыну деңгейі де артып келе жатқаны және соңғы 5 жылда халықтың газ тұтыну көлемі 1,4 есе өскені айтылды. Әсіресе орталық, солтүстік және шығыс аймақтарда газға қол жеткізу мәселесі кезек күттірмейді.
Жетісу облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін 126 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар құрылыс-монтаждау жұмыстары үшін қаражаттың уақтылы және толық аударылмауы себебінен өңірлік газдандыру схемасының мерзімдеріне сәйкес газдандыруды іске асыруды айтарлықтай қиындатты. Бұдан басқа, «ИнтергазЦентральнаяАзия» АҚ-дан әзірленіп жатқан жобалар бойынша техникалық шарттар алу кешіктірілуде. Индустриялық аймақтарды тұтынушылар үшін әлеуметтік маңызы бар елді мекендер мен газбен жабдықтау объектілері үшін бюджет қаражатын бөлуге және техникалық жағдайлар алуға жәрдем көрсету қажет, - деп атап өтті сенатор.