Сенатор жер қойнауын пайдаланушылардың жұмысына наразы екенін жеткізді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Ғұмар Дүйсембаев Министрлер кабинеті басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында Атырау және Маңғыстау облыстарындағы ауыз су тапшылығына қатысты проблемаларды атап өтті.
Сенатор Теңіз және Қашаған кен орындарын игеруді белсенді түрде ұлғайту, сондай-ақ Атырау мұнай-химия паркін дамыту және газ өңдеу зауытын салу таяу болашақта су тапшылығының артуына алып келеді деп санайды.
Ол ,әсіресе, Атырау облысының Исатай, Жылой аудандары мен Құлсары қаласының тұрғындарына қатысты болуы ықтимал, мұндағы тұрғындар қазіргі кездің өзінде жаз мезгілінде суды сағат бойынша алады, - деді ол.
Дүйсембаевтың айтуынша, бұл мәселені шешуге «Көкжиде» тұщы су ерекше кен орны көмектесе алар еді.
Ол Ақтөбе және Атырау облыстарының шекарасында Мұғалжар ауданында орналасқан батыс өңірдегі ең ірі тұщы су көзі. Алайда, сенатор жер қойнауын пайдаланушылар осы кен орны аумағы мен дәл жанынан ұңғыма қазып, іздестіру жұмыстарын жүргізіп жер асты суының ластануына әкелуі мүмкін деп алаңдап отыр. Ал таза су көзі ластанған жағдайда туындайтын шығын жер қойнауын пайдаланушылардан түсетін кірістермен салыстыруға келмейді, - деді депутат.
Ол осы гидрогеологиялық объектідегі жерасты суының жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізу үшін бірыңғай операторды айқындау мәселесін қарауды сұрады.
Көкжиде мекенінде экологиялық жағдайдың нашарлауына және жер асты суының ластануына жол бермеу үшін қолданыстағы мұнай өндіруге арналған келісімшарттарды зерделеу керек. Қажет болған жағдайда, мұнай компанияларына одан әрі іздестіру жұмыстарын жүргізуге тыйым салу және келісімшарттарды ұзартпау керек. Ақтөбе облысының аумағында орналасқан Көкжиде жер асты тұщы су кен орнынан Атырау облысының аудандарына су тартуға байланысты жобаны іске асыру жөнінде шаралар қабылдансын, - деп атап өтті сенатор.