Сенатор: Жас ұрпақтың маман, тұлға ретінде қалыптаса алмауына біз де жауаптымыз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы вице-премьер Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында білім саласындағы өзекті мәселелерді көтерді.

Орта мектепте жаңартылған білім беру бағдарламасын жасауда тым асығыстыққа жол бердік. Айналдырған 4 жыл ішінде 3,5 млн оқушыға білім беру реформасын жасап тастап, балаларымызды шексіз реформалардың тәжірибелік алаңына айналдырдық. Бірақ реформалардың нәтижесі мен олардың қандай деңгейде білім алғандарына ешкім жауап берген емес, - деп айтты сенатор Мұрат Бақтиярұлы.

Депутат соңғы 30 жылда Қазақстаннан білім беру жүйесінен 10 млн адам өткенін айтады.

Осы тұста біз тұлға қалыптастырушы орта мектептерге ерекше назар аударуымыз керек еді. Өйткені жаңа ұрпақтың өзіне деген сенімінің төмендегіне, маман, тұлға ретінде тиісті дәрежеде қалыптаса алмауының салдары мен қайшылықтарына біз де жауаптымыз. Бір-бірінен алшақ әлеуметтік топтардың болуы, олардың бір-біріне ашық қарсы шығуы, қатыгездік пен озбырлыққа баруының түп тамыры білімде жатыр. Себебі сапалы білімге қолы жететін орта бізде жеткіліксіз, - дейді ол.

Мұрат Бақтиярұлы Дүниежүзілік банк зерттеуін мысалға келтірді. Айтуынша, елдегі оқушылардың 1%-ы ғана сапалы білім алып жатыр. Оқушыларымыздың басым бөлігінде таңдау жасау мүмкіндігі жоқ. Олар негізінен екі не үш ауысымды мектептерде білім алып жатыр.

Соңғы 3 жыл ішінде елімізде 1 млн 277 мың сәби дүниеге келді. Бұл білім саласына түсіп тұрған үлкен демографиялық салмақ. Олар үшін болашақта кем дегенде 3 000 мектеп салынуы қажет, - деп түсіндірді сенатор депутаттық сауалында.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы