Сенатор: Жаңа заң балаларды энергетикалық сусындардың зиянды әсерінен қорғайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. BAQ.KZ тілшісі құмар ойындар нарығын ретке келтіріп, лудомандарға тұсау болатын заңға қатысты Сенат депутаты Нұртөре Жүсіппен сұхбаттасқан еді.

- Нұртөре мырза, лудоманияға қарсы заң қабылданды. Енді нақты не өзгереді деп ойлайсыз?

Жаңа өзіңіз айтып кеткендей, бүгін Мемлекет басшысы көптен бері қызу талқыға түскен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Атырау қаласында өткен Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы жастардың ерекше тәуекел тобына жататынына баса назар аударып, лудоманияны басты әлеуметтік мәселелердің бірі деп атады. 

Ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы күрес мақсатында Мемлекет басшысы лудоманияға қарсы жүйелі жұмысты жолға қоюды, кешенді жоспар қабылдап, тиісті заңды қабылдауды жеделдетуді тапсырды. Осылайша, Парламент ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді, соның ішінде,Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулерді қабылдады.

Заңдар 6 Кодекске және 15 Заңға, соның ішінде 2023 жылғы 4 қыркүйектегі Қауіпсіздік кеңесінің отырысында және 2024 жылғы 14-15 наурызда өткен Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысының елдегі луоманияға қарсы күрес жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталғандарды қоса алғанда, 100-ден астам түзетулерді қамтиды.

Айта кету керек, Үкімет заңсыз ойын бизнесіне және лудоманияға қарсы күрестің 2024-2026 жылдарға арналған Кешенді жоспарын қабылдады, ол ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі туралы заңның негізгі ережелерімен толық үйлестірілген.

Өзін-өзі шектейтін тұлғаларға арналған заң құмар ойындарға қатысуды өзін-өзі шектеудің ең жоғары мерзімін 1 жылдан 10 жылға дейін ұлғайтады. Тыйым салуды ертерек тоқтату мүмкін болмайды. Заңмен сондай-ақ борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген жеке тұлғаларға құмар ойындарға қатысуға және бәс тігуге тыйым салу қосымша анықталады, олардың саны шамамен 3,5 миллион адам. 

Осылайша, қабылданған шаралар букмекерлік кеңселердің әлеуетті клиенттерінің санын азайтуға бағытталған. Сонымен бірге, жоғарыда аталған тұлғаларды құмар ойындар мен бәс тігуге тартқаны және жібергені үшін заңды тұлғалардың әкімшілік жауапкершілігі енгізілген.

Сонымен қатар, заң нормаларына сәйкес, мемлекеттік қызметкерлерге құмар ойындардың кез келген қызметі – букмекерлік кеңселер, казинолар және онлайн казинолар шектелетін болады. 

Осылайша, жалпы саны 280 мыңға жуық адамды құрайтын әскери қызметкерлер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға қатыса алмайды. Заңды бұзған жағдайда оларға қатысты келеңсіз себептермен жұмыстан босатуға дейінгі қатаң шаралар қолданылатын болады.

Ойын бизнесін ұйымдастырушыларға арналып ойын мекемелерінде және өздерінің интернет-ресурстарында құмар ойындарға қатысудың және бәс тігудің қауіптілігі мен зияны туралы ескертулерді орналастыруға міндеттеме енгізілуде.

Заң ойын мекемелерінің, букмекерлік кеңселердің немесе лотереялардың жұмысының типтік ережелерін қабылдауды көздейді. Типтік ережелерде казино мен букмекерлік кеңселер клиенттерінің мүдделерінқорғайтын нормалар көзделетін болады.

Сонымен бірге, заңмен құмар ойындарға тәуелді адамдарды медициналық оңалту тәртібі де анықталған. Осылайша, медициналық құпияны сақтай отырып, құмар ойындарға тәуелді адамдарға консультативтік бақылау динамикалық тіркеусіз енгізілуде.

Заңның маңызды жаңалықтарының бірі – 21 жасқа толмаған тұлғаларға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу. Осылайша, бұл норма балаларды энергетикалық сусындардың зиянды әсерінен қорғауға мүмкіндік береді.

Заң байланыс операторларына құмар ойындар мен бәс тігуге арналған жарнаманы қамтитын хабарламаларды жіберуге тыйым салады.

Букмекерлік кеңсенің немесетотализатордың орналасқан жерінде, спорт құрылыстарының ішінде және спортшылардың жабдықтарында орналастырылғандарды қоспағанда, ғимараттарда, көлік құралдарында букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар ғимараттарының сыртқы жарнамасына тыйым салынады.

БАҚ-та спорттық тақырыптағы, сондай-ақ отандық телеарналардың халықаралық спорт жарыстарын тікелей трансляциясы кезіндегі жарнаманы қоспағанда, букмекерлік кеңселермен тотализаторларды бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, бейне және анықтамалық қызметтерде жарнамалауға тыйым салынады. Букмекерлік кеңселердің жарнамасын таратқан жағдайда 60 АЕК және одан жоғары айыппұлдар қарастырылған.

Сондай-ақ, Туризм және спорт министрлігінің шетелдік букмекерлік кеңселердің, лицензиясы жоқ тотализаторлардың, интернет-казинолардың тізімін жүргізу, сондай-ақ банктер мен төлем ұйымдарының олардың пайдасына қаржылық операцияларды жүргізуіне тыйым салу құзыретін белгілейді. 

Сонымен бірге, енді онлайн-казино ұйымдастырушыларына екі жылға дейін бас бостандығынан айырылумен қылмыстық жауапкершілікке тартылу қаупі бар.

Айта кететін жәйт, Заңға сәйкес, электронды лотерея билеттері тек ресми интернет-ресурс немесе лотерея операторының мобильді қосымшасы арқылы сатылады. Осылайша, «Lotomatic» терминалдары мен лото клубтарының қызметіне тыйым салынды.

Мұнымен қоса, лотерея билеттерін тұрғын үйлерде, жатақханаларда, ұйымдарда, білім беру, денсаулық сақтау, діни ғимараттарымен құрылыстарында, сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарынан жүз метр радиуста таратуға тыйым салынады.

Бұл шаралар көшелерде лотерея өнімдерінің физикалық тұрғыдан болуын бірнеше есеге азайтады. Көшеде тек классикалық лотереяларды сататын нүктелер қалады.

- Бәс тігу, құмар ойындар көлеңкелі бизнеске айналып кетпей ме?

Әрине, 100 пайызға былай болмайды деп айтуға болмайды. Бірақ мына қабылданып жатқан заңдар, сонымен қатар, бүгінгі күні еліміздегі қолданыстағы заңнамалық актілері мұндай әрекеттерге бөгет болады деп есептеймін. 

Сонымен бірге мемлекетіміздің құзырлы құқық қорғау органдары да оған жол бермейді деп ойлаймын. Өздеріңіз білетіндей бүгінгі күні көлеңкелі бизнеспен және заңсын құмар ойындармен күресетін тиісті мемлекеттік органы бар, ол Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі.

- Неге соңғы жылдары жастар осы құмар ойындарға еріп кетті? Енді бұл үрдіс тоқтай ма?

Өте жақсы сұрақ! Статистикаға, жалпы ресми деректерге сүйенсек жастардың құмар ойындарға еріп кетуінің ең басты факторы, ол оңай ақша табу және сол оңай тапқан жеңістен ерекше ләззат алу. 

Сонымен қатар, бұл мәселені психологиялық тұрғыдан қарайтын болсақ, құмар ойындарға еріп кеткен жастар, құмар ойындардан болатын тәуекелдерді дұрыс қабылдамауы және өмірлік тәжірибенің болмауына тікелей байланысты. Олар өз әрекеттерінің ықтимал салдарын түсінбеуі немесе құмар ойындарды ықтимал қауіпті деп санамауы мүмкін. 

Сонымен қатар, құмар ойын бизнесі, жастарды тарту үшін әртүрлі маркетингтік әдістер мен тәсілдерді жиі қолданады, бұл да бір жастардың психологиясына әсер ететін үлкен фактор.

Қабылданып жатқан заңдар, осы мәселелерді шешеді деп есептеймін. Әрине, бірден бола салмайды, сәл уақыт керек.

- Сұхбат бергеніңізге көп рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы