Сенатор: Үкіметтен жедел қолдау болмаса фермерлер егін егуге үлгермеуі мүмкін
Тасқын судан зардап шеккен аймақтардағы ауыл еңбеккерлері егіс науқанын уақытында бастай алмауы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сенатор Арман Өтеғұлов фермерлердің проблемаларын Үкімет алдына жайып салды. Депутат бүгінгі жағдай жедел әрекет етуді қажет ететінін атап өтті. Өйткені көктемнің әр күні жылға азық. Бүкіл елімізді азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әр күн маңызды.
Су басқан жерлер астық егетін өңірлерге тиесілі болғандықтан, көктемгі егіс науқанын дұрыс өткізуге қатысты сұрақтар туындап отыр. Қазірдің өзінде егін салу мерзімінің ұзарып кету қаупі бар. Ал, бау-бақша, көкөніс өсірушілердің, саяжай серіктерстіктерінің жағдайы өте нашар. Олардың техникалары, суару жүйелері мен трансформаторлары зақымдалды, жылыжайлар бұзылды, алқаптары су астында қалғанын көріп отырмыз. Жедел деректер бойынша Ақтөбе, Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарында 200 тоннаға жуық тұқым қоймаларын су басқан. Өкінішке орай, Ауыл шаруашылығы министрлігі бүгінгі күнге дейін еліміздегі су астында қалған егістік туралы нақты мәлімет берген жоқ, - деді Арман Өтеғұлов.
Сенатор мал шаруашылығының шығыны мен аса қауіпті инфекциялардың пайда болу қаупіне, су тапшылығының алдын алуға қатысты мәселелерге алаңдаушылық білдірді. Арман Өтеғұлов осыған байланысты еліміздің Премьер-министрінен ағымдағы мәселелер бойынша ақпарат беруді сұрады.
Бүгінгі күні су басқан өңірлердегі зардап шеккен егістіктің көлемі қандай? Қанша егістік тасқынның салдарынан айналымнан шықты? Фермерлер биыл егін егуге үлгере ала ма? Егіс егіп үлгермеген шаруаларға алатын пайдасы қалай өтелетін болады? Шығын болған мал басын толтырудың тетігі бар ма? Қанша ауыл шаруашылығы техникасы суға кетіп, істен шықты, оларды қалпына келтіру жұмыстары қалай жүргізіледі?,- деп сұрады сенатор Өтеғұлов.