Сенатор тасқыннан зардап шеккен аудандарда қалпына келтіру жұмыстарымен танысты

Сенатор Талғат Жүнісов Ақмола облысындағы тасқыннан зардап шеккен аудандарда қалпына келтіру жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Талғат Жүнісов Ақмола облысындағы Астрахан және Бұланды аудандарының тұрғындарымен кездесті. Сенатор сапар барысында бірқатар инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды аралады.

Депутат Талғат Жүнісов Астрахан ауданындағы Старый Колутон ауылында ауыл тұрғындарымен кездесіп, суға шайылып кеткен кіреберіс жолды жөндеу және дәрігерлік-амбулаториялық пункт салу мәселелерін талқылады. Тасқын кезінде ауылда 89 үй су астында қалған болатын. Комиссия мүшелері 28 үй апат жағдайында екенін белгіледі. Депутат осы мәселе бойынша барлық қажетті сметалық құжаттар бар екенін, ал жобалар қаржыландырудың басталуын күтіп отырғанын атап өтті.

Сенаторлар өңірлерде жайлы өмірді қалыптастыру жөніндегі ауқымды да кешенді міндеттерді атқаруға жұмылып отыр. Азаматтардың бізге келіп түскен өтініштерінің көпшілігі тұрғын үй, жол, жылу және сумен жабдықтау мәселелеріне қатысты екенін атап өткім келеді. Бұл мәселелер маңызды және өңірді дамыту негізінің бірі болып табылады. Біз жыл бойы осы мәселелер бойынша жергілікті атқарушы және өкілді органдармен, оның ішінде осы аудан әкімдігімен де тығыз жұмыс істедік, - деді сенатор Жүнісов.

Депутат Бұланды ауданындағы Капитоновка және Иванковка ауылдарында тасқыннан зардап шеккен азаматтарға арнап салынып жатқан үйлер құрылысымен танысты. Одан кейін Вознесенка ауылындағы шаруа қожалығының алқаптарын аралады және ауылдың орта мектебінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын көріп шықты. Осы білім беру мекемесінде ол аудан мұғалімдерімен кездесіп, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Халықпен мұндай кездесулердің маңызы зор. Мемлекеттік қолдау ісінде қиындыққа кез болған немесе Сенаттың араласуын қажет ететін проблемаға тап болғанда өңірлердің мүддесін білдіретін Палата ретінде азаматтармен тікелей кері байланыс жасауға мүмкіндік береді, - деп атап өтті сенатор Талғат Жүнісов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: сенат
Өзгелердің жаңалығы