Сенатор Сұлтанов СҚО активімен бірге референдумды талқылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ерік Сұлтанов өңірге жұмыс сапары аясында Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттерімен және профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесіп, Конституцияға енгізілетін өзгерістер бойынша алдағы референдумды талқылады.
Кездесу барысында студенттер мен оқытушылар тарапынан конституциялық өзгерістер, оның ішінде Парламенттің депутаттық корпусын қалыптастыру тәртібін қайта қарау, Парламент пен оның Палаталарының заң қабылдау жөніндегі құзыреті және басқа да мәселелерге қатысты өздерін толғандырған сұрақтар қойылды. Сенатор сауалдарға жауап бере отырып, Парламентке күшті парламенттік мәдениеті бар жоғары өкілді орган ретінде қоғамдық сауал қою уақыты келгенін атап өтті.
Ерік Сұлтанов сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысының активімен, облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарының депутаттарымен кездесті. Депутат Сенатта жүргізіліп жатқан заңнамалық жұмыстар туралы және еліміздің Негізгі Заңына алдағы өзгерістер туралы айтып берді.
Ортақ мақсатымызды жүзеге асырудағы байсалдылық пен табандылық, жаңалыққа құштарлық және қол жеткізген жетістіктерімізді құрметтеу біздің ұлттық мүдделерімізге сай келеді және бүкіл Қазақстан халқының игілігі үшін дамуға міндетті болады. Әрбір қазақстандықтың өмірін жақсарту үшін азаматтардың алдағы референдумға белсенді қатысуы маңызды, - деп түйіндеді депутат.