Сенатор шешуді талап ететін негізгі проблемалық мәселелері талқылады

Сенатор Бибигүл Жексенбай елорда тұрғындарының өзекті мәселелерін Астана мәслихатының басшылығымен бірге талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бибигүл Жексенбай Астана қаласы мәслихатының төрағасымен және мәслихаттың тұрақты комиссияларының төрағаларымен кездесті.

Бибигүл Жексенбай Сенат депутаты ретінде атқарылған жұмыстың нәтижелері және Палата мақұлдаған заңдар туралы айтып берді. Ол сондай-ақ мәслихат депутаттарының осы саладағы маңызды рөліне де тоқталды.

Кездесу барысында елорданың республикалық деңгейде шешуді талап ететін негізгі проблемалық мәселелері талқыланды. Сенатор оларды шешу үшін бірлесіп жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді.

Жүздесу барысында сондай-ақ жедел медициналық көмек жұмысындағы өзекті мәселелер де көтерілді. Олардың қатарында шақыру бойынша қызмет ететін автомашиналар мен станциялардың және қызметкерлердің жетіспейтіні, жедел жәрдемге шақырудың көптігі және медициналық көмек көрсету тарифінің төмендігі де бар. Мәслихат төрағасы Ерлан Қаналимов қаланың әрбір шағын ауданындағы бір ғимаратта орналасқан бірыңғай жедел қызмет орталықтарын ашуды ұсынды.

Кездесу қорытындысы бойынша «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағына бірлесіп бару, сондай-ақ мүлік иелері бірлестіктерінің мәселелері бойынша кездесу өткізу туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар Астана қаласының мәслихаты орталық деңгейде шешімдерді талап ететін ұсыныстар дайындауды қолға алады және олар Сенат депутаты Бибигүл Жексенбайдың атына жіберілетін болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы