Сенатор шаруаларды қолдау үшін ауыл шаруашылығы банкін құруды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы аграрлық сала еңбеккерлерін қаржылай қолдауды күшейту үшін Қазақстанда ауыл шаруашылығы банкін құруды ұсынды. Ол бұл туралы еліміздің Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында айтты. 

Депутаттың пікірінше, ол қазіргі таңда аса қажет салаға айтарлықтай қолдау көрсетер еді.

Бұл мәселе жақында сенаторлардың Қызылорда облысына барған жұмыс сапары кезінде көтерілген болатын. Диқандар аймақтағы негізгі аграрлық дақылы күріш екенін айта келіп, осы дақыл облыста ішкі нарық сұранысының 80%-на дейін қамтамасыз ететініне тоқталды. Алайда жыл өткен сайын жұмыс істеу қиындай түсуде. Аудандағы суармалы жерлердің жағдайы өте нашар, суармалы жерлерде су құбыры мен кәріз жүйесі тиісті қаржыландырудың жоқтығынан уақытында тазартылмайды. Бұл құбырлардың қоқысқа толып кетуі мен шамадан тыс тұздануға әкеледі.

Дамығын елдерде бір текше метр суға 4-6 кг ауыл шаруашылығы өнімі өндірілсе, бізде небәрі 0,4-0,8 келі, яғни 6 есе аз өндіріледі. Ал дамыған елдерде 1 келі өнім өндіруге 160-400 литр су жұмсалса бізде 1 200-2 500 литр су жұмсалады. Демек, еліміздегі суармалы жерлердің гидромелиоративтік жағдайы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Бұл Үкімет тарапынан назар аударарлық мәселе, - деп айтты Мұрат Бақтиярұлы. 

Минералды тыңайтқыштардың қымбаттығы да бөлек бір проблема. Биыл олардың бағасы былтырмен салыстырғанда 2,5-3 есе өсті. Бұл салада  делдалдар маңызды рөл атқарады, соның салдарынан өнімнің құны едәуір өсіп кетеді. 

Депутат осыған байланысты өз сауалында «Мелиорация туралы» заңды қабылдау қажеттігін атап өтті. Ол заңда мемлекеттік органдар мен жер пайдаланушылардың жерді мелиорациялау жөніндегі жауапкершілігі нақтылануы тиіс. Депутат сонымен қатар елімізде ауыл шаруашылығы банкін ашу қажеттігіне де назар аударды.

Біздің ауыл шаруашылық өндірушілері Евразиялық Экономикалық одаққа енген Ресей, Беларусь елдерінің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерімен бәсекеге түсе алмай отыр. Өйткені, бұл елдердің шаруаларының жері мен мүлкін кепілдікке алып, ұзақ мерзімге арзан несие беретін, бөлімшелері барлық аудандарда орналасқан Агробанктері жұмыс жасайды. Осы кезге дейін Парламент қабырғасында бірнеше рет көтеріліп, бірақ шешімін таппай жатқан біздің елімізде де осындай арнайы мамандандырылған ауыл шаруашылық банкін ашу мәселесін қарап, оның оң шешілуін бүкіл шаруалар күтіп отырғанына назарыңызды аударғымыз келеді, - деді сенатор.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы