Сенатор салық төлеу саласындағы проблемалар туралы айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Андрей Лукин өзінің депутаттық сауалында салық төлеу саласындағы проблемалық мәселелерді атап өтті.
Лукин келтірген деректер бойынша соңғы жылдары есептелген салық сомасын төлеуден жалтарғаны үшін салынған айыппұлдарды өндіру 5,9% төмендегені және декларациядағы салық сомалары 52,7% төмендегені байқалады.
Сонымен қатар әкімшілік жауапкершілікке тартудың бес жылдық мерзімі өткеннен кейін кәсіпкерлерге 4,5 млрд теңге мөлшерінде негізсіз айыппұл салу фактілері болған.
Депутат осыған байланысты, Министрлер кабинетінің басшысы Әлихан Смайыловқа салық салу саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша материалдарды әзірлеу және қарау жөніндегі әдістемелік ұсынымдар дайындауды ұсынды.
Анықталған заң бұзу деректері бойынша, оның ішінде қабылданған шешімдерді заңнама талаптарына сәйкес қайта қарау және әкімшілік айыппұлдар бойынша пайда болған берешекті өндіріп алу бойынша түбегейлі шаралар қабылдансын. Мемлекеттік кіріс органдары жіберген ескерту мен айыппұл төлеу қажеттігі туралы хабарламаға шағымдану, наразылық білдіру тетігін көздейтін өзгерістер мен толықтыруларды ӘҚБтК-ге енгізу мәселесін пысықтау Әділет министрлігі мен Қаржы министрлігіне тапсырылсын, - деді Андрей Лукин.