Сенатор қысқы спорт түрлерін дамыту мәселесін көтерді
Бұл туралы Сенат отырысында депутат Амангелді Толамисов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенатор Алматы облысындағы қысқы спорт түрлері бойынша спорт орталықтары және балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасының және даму деңгейінің төмендігіне алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы ол Министрлер кабинеті басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында айтты.
Өңірлерде қысқы спорт түрлеріне арналған жабық спорттық кешендер аз. Олардың көбі тек Астана мен Алматы қалаларында орналасқан. Сондықтан бұл мәселені тез арада қолға алып, барлық өңірлерде соның ішінде Жетісу облысында қысқы спорт түрлерінен жабық спорттық кешендерді барынша көбейту керек деп ойлаймыз, - деді сенатор.
Айтуынша, өңірде тиісті спорт ғимараттарын салып, дарынды спортшы балаларға арналған Лепсі ауылындағы мектеп-интернатының материалдық-техникалық базасын жаңғырту қажет. Сондай-ақ Талдықорған және Текелі қалаларында, Ақсу ауданының Қапал ауылында қысқы спорт түрлері бойынша арнаулы және балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептерін ашуды ұсынды. Сенатор облыстағы Ескелді ауданында БЖСМ жанынан шаңғы бөлімін ашудың және облыс орталығында мұз сарайын салудың маңыздылығына назар аударды.