Сенатор: Қазақстанда тұрғын үй құрылысына қаржы жетпей жатыр
Сенатор Бекбол Орынбасаров инженерлік инфрақұрылымды қаржыландыру көлемі өңірлердің нақты сұранысына сай келмейтінін айтты.
Халықты қолжетімді баспанамен қамту мемлекет үшін әлеуметтік маңызы жоғары бағыттардың бірі болып отыр. Сенат отырысында депутат Бекбол Орынбасаров тұрғын үй құрылысына қатысты мәселе көтеріп, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенатордың айтуынша, жаңа жүйеге көшу кезінде өңірлердің сұранысы мен бөлінген қаражат көлемі арасында үлкен айырмашылық бары анық байқалған.
Дегенмен бұл саладағы жоспарларды толық жүзеге асыру үшін инженерлік инфрақұрылымды қаржыландыру және әлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіндегі жүйелі кедергілерді дер кезінде шешу қажет.
Жаңа жүйеге көшу өңірлердің нақты қажеттілігі мен бөлінетін қаражат арасындағы айтарлықтай алшақтықты көрсетті. Нақты қажеттілік 184 млрд теңгені құраса, ағымдағы жылы небәрі 26,6 млрд теңгені құрап отыр. Бұл терең алшақтық құрылыс жүргізілетін жаңа алаңдарды дайындауды айтарлықтай тежейді және тұрғын үй мен инфрақұрылымдық нысандарды іске қосудың жоспарлы көрсеткіштерінің бұзылу қаупі қалыптасады, - деп атап өтті сенатор.
Депутат қазіргі жағдайда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды қаржыландыру тәсілдерін қайта қарау қажеттігін айтты. Оның пікірінше, құрылыс алаңдарын уақытында дайындау тұрғын үй құрылысының қарқыны мен жобалардың жалпы құнына тікелей әсер етеді.
Құрылыс секторын қаржыландыру тәсілдерін өзгертпей және инфрақұрылымдық тапшылықты жоймай, ұзақ мерзімді перспективада азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттің стратегиялық міндеттерін орындау мүмкін болмайды, - деді депутат.
Сенатор сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамту және жалға берілетін баспана көлемін көбейту үшін қосымша қаржы көздерін қарастыру мәселесіне ерекше назар аудару қажет екенін айтты.