Сенатор: Қайтарылған жерлер мәселені шешпей отыр

Сенат отырысында депутат Сәкен Арубаев еліміздің бірқатар аймағында жайылымдық жер жетіспеушілігі әлі де шешімін таппай отырғанын айтып, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, пайдаланылмай жатқан және заңсыз рәсімделген жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару бағытында ауқымды жұмыс атқарылғанымен, бұл мәселе күн тәртібінен түскен жоқ.

Жайылым тапшылығы мал шаруашылығының дамуына ғана емес, ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік ахуалға да тікелей ықпал етіп отыр.

Сенатордың мәліметінше, қазіргі таңда мемлекет меншігіне жалпы көлемі 14,3 миллион гектар жер қайтарылған. Соның ішінде 12,7 миллион гектары – жайылымдық аумақтар. Ал 8,5 миллион гектар жер қайтадан ауыл шаруашылығы айналымына енгізілген. Алайда атқарылған жұмыстарға қарамастан, кейбір өңірлерде жайылым тапшылығы әлі де күрделі деңгейде сақталып отыр.

Маңғыстау облысында жайылым тапшылығы 2,3 млн гектарды, Түркістан облысында 531 мың гектардан астам, Алматы облысында – 758,8 мың гектарды, Қызылорда облысында – 403,2 мың гектарды, Қостанай облысында – 379 мың гектарды құрайды. Бұл ретте қайтарылған жайылымдық алқаптардың бір бөлігі елді мекендерден өте алыс орналасқан, су көздерімен және инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген немесе табиғи-климаттық жағдайларды ескергенде толыққанды пайдалануға жарамсыз, - деп атап өтті Сәкен Арубаев.

Депутаттық сауалда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің бір бөлігін мемлекеттік орман қоры санатына ауыстыру мәселесі бөлекше аталып өтті. Кей өңірлерде, оның ішінде Жамбыл облысында, бұрыннан мал жаюға пайдаланылып келген жайылымдық алқаптар бүгінгі таңда қолжетімсіз болып отыр. Оның үстіне, бұл жер телімдерінің басым бөлігі шын мәнінде орман өсіру қызметін атқарып отырған жоқ.

Осы жағдайды ескере отырып, сенатор шалғайдағы жайылымдық жерлерге түгендеу жүргізіп, оларды игеруге қажетті инфрақұрылымды дамытуға бағытталған арнайы мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді ұсынды. Сонымен қатар жайылымдардың бірыңғай цифрлық дерекқорын құрып, кешенді ғылыми және геоботаникалық зерттеулер жүргізу қажеттігін атап өтті. Бұдан бөлек, ресми түрде мемлекеттік орман қорының құрамына кіргенімен, іс жүзінде мал шаруашылығына қолайлы жерлерді шаруашылық айналымына енгізудің нақты құқықтық тетіктерін қалыптастыруды ұсынды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ©BAQ.KZ архиві/ Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы