Сенатор қоқыс қалдығын өңдейтін мекемеде болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламент Сенатының депутаты, әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Динар Нөкетаева Алматы қаласына жұмыс сапары кезінде «Green Recucle» қоқыс қалдығын өңдеу кешенінде болды.

«Өткен жылдың қыркүйек айында ашылған бұл мекеме қаланың Алатау ауданына орналасқан. Жалпы аумағы 7 га жерді алып жатқан қоқыс қалдығын өңдеу мекемесі жылына 550 мың тонна қалдықты өңдеуге мүмкіндік беретін италиялық технологиямен жабдықталған», - деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Инвесторлармен ұзақ мерзімге жасалған келісім-шарт бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынып, бүгінге дейін 5,4 млрд теңге жұмсалған. Алғашқыда 530 тұрақты жұмыс орны ашылған болса, олардың қатары бүгінде 600-ге жетіп отыр. Мекеме жұмысшыларына тегін тамақ, арнаулы киім-кешек, тегін көлікпен тасымалдау сияқты жеңілдіктер қарастырылған.

«Қаланың сегіз ауданынан күніне 1 тонна 100 келі қоқыс қалдығы жеткізіледі. Қалдықты сұрыптау бөліміне 4 жолақ қойылған. Барлық қоқыс қалдығы осы жолақ арқылы сұрыптау цехіне өтеді. Қалдықтар картон, шыны, пластик, целлофан, темір-терсек болып бөлініп, арнайы қойылған орындарға жөнелтіледі. Әбден қатталып, ықшамдалған қалдықтардың дені Ресейге жөнелтіледі», - дейді «Green Recucle» ЖШС директоры Дмитрий Данильченко.

Алматыдағы қалдық өңдеу кешенінде сенатор Динар Нөкетаевамен бірге қалалық мәслихат депутаты Қали Сәрсенбай да болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы