Сенатор «Мүгедек адамдардың саяси іске қатысуы» сараптамалық тобының кездесуіне қатысты

Сенатор Ләззат Қалтаева Ирландияның Дублин қаласында өтіп жатқан «Мүгедек адамдардың саяси іске қатысуы» сараптамалық тобының жыл сайынғы кездесуіне қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуді Ирландия Парламентінің қолдауымен ЕҚЫҰ ДИАҚБ ұйымдастырып отыр. Кездесуге Ирландия Парламенті палаталарының депутаттары, оның ішінде Мүгедектік мәселелері жөніндегі комитеттің төрағасы қатысуда. Мүгедек адамдардың құқықтары мәселелерін даму және халықаралық қатынастар саясатына енгізу мәселелері, сондай-ақ ЕҚЫҰ елдері Парламенттерінің инклюзияны бағалау әдістемесі және мүгедек адамдардың саяси іске қатысуын ілгерілету жөнінде Парламенттерге арналған оқу курсын әзірлеу талқыланды.

Сенатор Қалтаева өз кезегінде Қазақстанның сайлау құқықтарын іске асыру жөнінде мүгедек адамдардың тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы жетілдіру тәжірибесі туралы айтып берді. Ол осыған байланысты сайлау учаскелерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету, әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар адамдарға 30% квота енгізу туралы кездесуге қатысушыларды хабардар етті. Ол сондай-ақ «Сайлау туралы» және «Саяси партиялар туралы» заңдарға өзгерістер енгізілгеннен кейін Парламент Мәжілісіне 6, ал барлық деңгейдегі мәслихаттарға 71 мүгедек депутат сайланғаны туралы ақпарат берді.

Бұл деректер, ең алдымен, саяси реформалар барлық азаматтардың, соның ішінде мүгедектердің құқықтарына әсер еткенін көрсетеді. Сенатта мүгедектігі бар қазақстандықтардың өзекті мәселелерін талқылау, заңнамалық деңгейде шешімдер әзірлеу және олардың орындалуын бақылау алаңы болып табылатын Инклюзия жөніндегі кеңес құрылды, - деп атап өтті Ләззат Қалтаева.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Парламент Сенатының баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы