Сенатор мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін көтеру мәселесін талқылады

Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ұйымдастырған республикалық форумға қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Шараға қатысушылар мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру және тиісінше HR менеджерлерін даярлау мәселелерін талқылады.

Нұртөре Жүсіп отырыс барысында мемлекеттік қызметшілердің рөлі мен мәртебесін арттыру, мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру және Әдеп жөніндегі комиссияның жұмысын жақсарту жөнінде ұсыныстар айтты. Сенатор еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевт мемлекеттік қызметшілерге Әділетті Қазақстанды құруда шешуші рөл берілгені туралы айтқанын еске салды. Әрбір мемлекеттік қызметші мемлекет пен қоғамның мүддесі үшін әрекет етуге, бастама көтеруге, жауапты болуға және нәтижеге бағдарланған игілікті істі атқаруы тиіс. Сенатор атап өткендей, еңбекке ақы төлеу мен жұмыс нәтижесі арасындағы байланыстың болмауынан туындаған еңбекке деген ынта-ықыластың төмендігі өткір проблеманың бірі болып қала береді.

Әртүрлі мекемеде бірдей лауазым атқаратын мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеуде елеулі алшақтық бар, сондай-ақ жалақы деңгейі де қызығатындай емес. Мемлекеттік қызметшілер коммерциялық ұйымдардың басшыларына қарағанда басшы орнында аз алуы мүмкін, оның жағымсыз салдары белгілі болып отыр. Бұл сұрақ мұқият талдау мен пысықтауды қажет етеді. Мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру жүйесін жетілдіру де маңызды мәселе болып табылады. Халықаралық тәжірибені зерделеп, қажет болған жағдайда нақты уақыт мерзімінде пилоттық жоба ретінде жаңа тәсілдерді сынау арқылы осы мәселені кешенді түрде қарау керек деп санаймын, - деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.

Нұртөре Жүсіп сонымен қатар жасанды интеллект құралдарын енгізуге және мемлекеттік қызметке кадрларды іріктеудің қолданыстағы тетіктерін трансформациялауға баса назар аударды. Депутат бұл тәсіл мемлекеттік аппараттың алдында тұрған басты мақсат пен міндеттерге, оның ішінде үздік кадрлар қалыптастыруға қол жеткізуге көмектесетінін атап өтті. Бұл өз кезегінде Мемлекет басшысының «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасын іске асырудың негізгі бастауына айналады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: сенат
Өзгелердің жаңалығы