Сенатор: көне Сарайшық қаласын сақтау үшін арнайы бағдарлама қажет

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ. Сенатор Ғұмар Дүйсембаев көне Сарайшық қаласын сақтау және оны туристік нысанға айналдыру мәселесіне мемлекеттік деңгейде көңіл бөліну керектігін айтып, Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдады.

Сенатор 1996-2006 жылдары белгілі археолог Зейнолла Самашевтың жетекшілігімен жүргізілген қазбалардан кейін ХІV ғасырда салынған 40 шақты бөлмеден тұратын кешенді сарай ғимараты ашылғанын, алайда оны музейге айналдыру жұмысы әлі күнге дейін жүргізілмегеніне де назар аударды. Қала үстінде мұсылман зираты және Ескі Сарайшық ауылының жеке меншіктегі жерлері бар үйлер орналасқан. Депутаттың айтуынша, бүгінде Ескі Сарайшық ауылында 90 үй бар. Ауыл тұрғындарын басқа жерге көшіру мәселесі жиі көтеріліп жүргенімен, әлі күнге дейін нақты жұмыстар қолға алынбаған және оған бюджетте қаржы да қарастырылмаған.

Тарихи ескерткіштің негізгі сұлбасын сақтап, халық игілігіне айналдыру кезек күттірмейтін мәселе. Себебі, Сарайшық қаласының орнын сақтау мүмкіндігі жылдан жылға азая береді. Ортағасырлық шаһардағы қазба жұмыстарына қаржыны бүгінге дейін Атырау облысы әкімдігі бөліп келді. Ендігі жерде республикалық мекеме жұмысына республикалық бюджеттен жоспарлы түрде қаржы бөлу қажет. Айтылғандарды ескере отырып, Сарайшықты сақтап қана қоймай, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және оны туристік аймаққа айналдыру үшін арнайы бағдарлама дайындауды ұсынамыз, – деді Ғұмар Дүйсембаев.


 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы