Сенатор Гүлмира Кәрімова қасақана өлтірілді ме? - ІІМ жауабы
Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
БАҚ өкілдері министрден «Сенатор Гүлмира Кәрімова қасақана өлтірілген болуы мүмкін бе?» деп сұрады.
Бүгінде елімізде Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімі бар. Бұл дегеніміз кез келген өтініш – зорлық-зомбылықтан болған өлім, зорлықсыз өлім – барлығы тіркеледі. Өлім себебін анықтау үшін арнайы зерттеу, сараптама жүргізіледі. Ол үшін Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелу керек. Ешқандай іс қозғалған жоқ. СДТБТ-де тіркелген. Сол бойынша қазаның себебін анықтау мақсатында тексеріс, сот-медициналық сараптамасы жүргізіліп жатыр. Бұл әдеттегі процедура, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мемлекеттері арасындағы стандарт. Кез келген өтінім тіркеліп, сол бойынша ЕЫДҰ аясында тексеріс жүргізіледі, - деп түсіндірді министр Сенат отырысынан кейін кулуарда журналистерге берген сұхбатында.
Еске сала кетейік, қаңтарда жаңадан сайланған Жоғарғы палатаның депутаты Гүлмира Кәрімова кенеттен қайтыс болды. Ол биыл 14 қаңтарда өткен Сенат сайлауында Солтүстік Қазақстан облысының атынан Сенат депутаты болып сайланған еді.