Сенатор: Еңбек даулары бойынша шешімдер әділ әрі дұрыс қабылдануы тиіс
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Сұлтан Дүйсембинов еңбек даулары бойынша шешімдер әділ әрі дұрыс қабылдануы тиіс деп есептейді.
Депутат 8 ақпаны күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміз үшін өте маңызды бірнеше мәселелерді атап көрсеткеніне тоқталды.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайды тұрақтандыру мақсатында Президент жыл басынан Үкіметке 108 тапсырма берген, олардың бүгінгі таңда 44-і орындалғанын Үкімет басшысы атап өтті, - деді Сұлтан Дүйсембинов.
Оның сөзінше, утилизациялық алым мөлшеріне қатысты тұрғындар арасында шағымдар көптеп түседі, іс жүзінде ауылшаруашылығы еңбеккерлеріне қосымша салыққа айналғаны, ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілерге қосымша қаржы жүктемесі екендігі Сенат қабырғасында айтылып та келеді.
Утилизациялық алым мөлшерін төмендету мәселесін қарастыруда ең бастысы – тұтынушылар үшін автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін арттыру екендігін айтты. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы техникасы базасының жаңаруына өзінің оң септігін тигізеді деп ойлаймын. Сондай-ақ бір адамның қанша жерге иелік ете алатынын нормативпен бекітуді тапсыруы - экономикадағы инвестицияның үлесін арттыратыны, ауылшаруашылығы саласының одан әрі дамуына оң әсерін беретіні сөзсіз, - деп атап өтті сенатор.
Сұлтан Дүйсембинов атағандай, Президент цифрлық майнингтің рөліне қатысты да әлеуметтік-экономикалық тиімділігі мардымсыз екенін, жаппай жұмыс орындары ашылып жатпағанын, шығарып жатқан материалдық өнімі де жоқ екендігін, оған қоса бұл сала бірнеше облыстың тұтынатын энергиясын тұтынатынын да атап өтті. Оларға қатысты тарифтер мен салық салу мәселесін қарастыруды да тапсырды.
Маңғыстау облысындағы ахуал да Президенттің назарынан тыс қалмады. Өңірді дамытуға қатысты кешенді жоспар қабылданып, қомақты қаржы да бөлінуде. Осы жағдайда кәсіподақтың жұмысын жетілдіруге қатысты шаралар да қабылдануы тиіс деп есептеймін. Қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін жарғылық тапсырмаларға сүйене отырып ұсынатын және қорғайтын қоғамдық бірлестік ретіндегі кәсіподақтардың рөлін күшейту – заман талабы болып отыр, бір сөзбен айтқанда жұмыс беруші мен қызметкердің арасындағы алтын көпірге айналуы тиіс. Қазіргі жағдайда еңбек дауларын уақытылы және объективті шешу ерекше маңызға ие, - деп есептейді Сенат депутаты.
Оның айтуынша, алдағы уақытта еңбек дауларын қараудың тетіктерін одан әрі оңтайландыруға, еңбек дауларын қарау мен шешу механизмдерінің тиімді жүйесін құруға, еңбек даулары бойынша шешімдердің әділ әрі дұрыс қабылдануына жұмыс жасау керек.
Сонымен қатар кәсіпкерлік бастаманың жолын кесіп, тежейтін әкімдерді сынға алып, жаңа жұмыс орнын ашу, инвестиция тарту міндеттерін жүктеуді тапсырды және депутаттың пікірінше, бұл өз кезегінде аймақтарды дамытуға тың серпін беріледі.
Қазіргі таңда 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл - соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш екенін және орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыс көлемінің өсімі туралы қағаз жүзіндегі есептің жолын кесіп тастады. Соңғы 5 жылда халықтың жалпы табысындағы еңбек кірісінің үлесі 80 пайыздан 67 пайызға дейін қысқаруы, әлеуметтік трансферттердің 17-ден 29 пайызға дейін ұлғаюы, қарызға батқан азаматтар мен кедей адамдардың көбейіп кетуі халық арасында түрлі дүмпулерге әкеп отыр, - деп түсіндірді Сұлтан Дүйсембинов өз сөзінде.
Айтуынша, халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама тұрғындардың кірісін көбейту, орынсыз шығынын азайту арқылы теңсіздікті азайту жаңалығымен ерекшеленеді.